«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Алтын сапа»: өзгеге қарап бой түзе

2016 жылғы 22 Маусым
- Маңғыстау облысы
9515 просмотров

«Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу – кәсіпкерлерге өзінің артық және кемшін тұстарын анықтауға мүмкіндік береді

Бұл жөнінде кәсіпкерлер мен облыстағы кәсіпорын өкілдеріне оқыту семинарында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстауға арналған байқау мен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өткізілу тәртібі мен қатысушыларды бағалау талаптарын түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, мұндай байқауларға қатысу кәсіпорындарға республикаға өзін тегін жариялап қана қоймай, бизнестің дамуындағы өзінің артық және кемшін тұстарын анықтауға мүмкіндік береді.

«ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 2006 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік алады. Байқауға қатысуға заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де өтінім бере алады. Қатысушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – байқау ұйымдастырушылары мақұлдаған өнім сапасының жоғары деңгейі мен оны жүйелік тұрғыдан тұрақты түрде қамтамасыз ету», – деп атап өтті Салтанат Әбдікәрімова.

Дәріс беруші байқауға қатысу бойынша ұсақ-түйектен бастап, барлық мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Семинарға қатысушылардың арасында тәжірибелі бизнесмендер де, ісін жаңа бастап жатқандар да болды. Мәселен, Түпқараған ауданынан келген бизнесвумен Жаңылхан Жұманова табиғи жүннен түрлі бұйымдар дайындап, өткізумен айналысатын «Адырна» жеке кәсіпкерлігін жақында ғана тіркеткен.

БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Ж.Жұманова маңғыстаулық әйелдерден құралған топпен бірге Алматыда өткен арнайы курстарда білімін жетілдіріп келді. Кейін Бішкек және Тараз қалаларына барып, әріптестерінің тәжірибелерімен танысып қайтты.

«Бішкекте біз шеберлігімізді шыңдап, жүн өңдеудің жаңа технологияларымен таныстық. Бізде жоғары сапалы заманауи құрылғы жоқ, бұл дамуымызға қолбайлау болып тұр. Мұндай құрылғы Ресейден сатып алуға болады. Онда жүн түтетін станоктың бағасы 6 мың доллардай болса, киіз тоқитын станок 4 мың доллар тұрады. Енді өз бағамды білу үшін, өзгелерге қарап, өзімді таныту үшін байқауға қатысуды ұйғарып отырмын», – деп ауыл кәсіпкері жеке бизнесі туралы баяндап берді.

Кәсіпкерлердің назарына: Өңірлік кәсіакерлер палатасының адами капиталды дамыту орталығының телефон нөмірі өзгерді. Енді байқауға қатысу туралы мәселелер бойынша мына нөмірге қоңырау шалу қажет: 8(7292) 30-40-40.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер