Қарағанды облысында кәсіпкерлерге жарнамадағы тілдік талаптар түсіндіріліп, әлеуметтік жоба таныстырылды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасыалаңында кәсіпкерлерге арналған «Жарнама – тілдік мәдениеттің көрінісі» тақырыбында онлайн-кездесу өтті. Zoom форматында ұйымдастырылған іс-шара Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасыөкілдерінің қатысуымен өтті және жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру кезіндегі тіл заңнамасының талаптарына арналды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге «ҚазақстанРеспубликасындағы тіл туралы» Заңныңмаңдайша, мәзір, баға көрсеткіштері, хабарландырулар және өзге де көрнекі ақпаратты рәсімдеуге қатысты нормалары жан-жақты түсіндірілді. Жыл бойы өңірде бизнес өкілдерімен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілгені, соның ішінде көшпелі кездесулер, кеңес беру және Кәсіпкерлер палатасы алаңындағы жұмыс атап өтілді.
Кездесудің спикері – Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева. Ол жарнама мәтіндерін аудару кезінде сөзбе-сөз аударма мен калькадан аулақ болу қажеттігін атап өтті, себебі мұндай қателіктер мағынаның бұрмалануына және тұтынушылар тарапынан түсінбеушілікке әкелуі мүмкін.
Онлайн-кездесу аясында жарнама мен көрнекі ақпараттағы тілдік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жоба да таныстырылды. Жоба Қарағанды облысында жүзеге асырылуда және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, диалог орнатуға бағытталған.
Айтылғандай, жоба аясында жарнама материалдарына мониторинг жүргізу, бизнес өкілдеріне кеңес беру, сондай-ақ жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілге тегін аудару қарастырылған. Жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және шағын және орта бизнес субъектілерін, сауда нысандары мен қоғамдық кеңістіктерді қамтиды.
Жобада айыппұл салу шараларына жүгінбей, заң талаптарын түсіндіруге басымдық беріледі. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде анықталған ескертулердің басым бөлігі жанжалсыз, жұмыс тәртібінде жойылады.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жыл бойы атқарылған бірлескен жұмыстың нәтижелерін саралап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады. Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы жарнамадағы тілдік мәдениет мәселелері бойынша түсіндіру және кеңес беру жұмыстары алдағы жылы да, соның ішінде онлайн форматтарды пайдалануарқылы жалғасатынын хабарлады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: