«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда энергетикадағы «технологиялық аутсорсинг» бойынша алғашқы пилоттық жоба іске қосылды

2025 жылғы 19 Желтоқсан
379 просмотров

Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдауынсыз бұл жоба сызба деңгейінен әрі аспас еді, – деді Сергей Агафонов.

Қарағанды облысында отандық энергетикадағы ойын ережесін өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды оқиға болды. Абай тігін фабрикасының шатырында Қазақстан үшін мүлде жаңа тәсіл бойынша орнатылған күн электр станциясы іске қосылды. Бұл – бизнеске бір теңге де жұмсамастан арзан электр энергиясын пайдалануға мүмкіндік беретін «технологиялық аутсорсинг» моделі.

Осы уақытқа дейін жаңартылатын энергия көздеріне көшу қазақстандық шағын және орта бизнес үшін қаржылық жағынан қолжетімсіз болып келді. Күн панельдерінің қымбат болуы, желіге қосылудағы күрделі бюрократиялық рәсімдер және техникалық қызмет көрсету қажеттілігі экологиялық бастамаларды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етті.

Green Platform агрегатор-платформасының іске қосылуымен жағдай айтарлықтай өзгерді. ҚР Энергетика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке инвесторлардың күш-жігерін біріктірген бұл жоба бизнеске артық әуре-сарсаңсыз «нетто-тұтынушы» болу жолын ұсынады.

Инвестициясыз жеңілдік

Абай тігін фабрикасы негізінде іске қосылған жобаның мәні өте қарапайым: кәсіпкер тек алаңды – шатырын немесе жер телімін ұсынады, ал агрегатор жабдықты сатып алудан бастап оны пайдалануға дейінгі барлық үрдісті өз мойнына алады.

«Бүгін біз үшін маңызды күн – агрегатор-платформа арқылы жұмыс істейтін алғашқы күн электр станциясын іске қостық. Тұтынушылар қондырғыға инвестиция салмайды әрі қызмет көрсету міндетінен толық босатылады, сондай-ақ электр энергиясын 15 пайызға арзан алады. Бұл – нағыз синергия: бизнес үнемдейді, ал өңірдің энергожүйесі қосымша тұрақтылыққа ие болады», – деді Қазақстандық энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар және энергетикалық жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.

Оның айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауынсыз бұл жоба қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалуы әбден мүмкін еді. Ал, Абайдағы сәтті іске асырылған пилоттық жобадан кейін технологияны бүкіл Қазақстан бойынша шағын және орта бизнеске кеңінен енгізу жоспарланып отыр.

Шағын қадамдардың қуаты

Мемлекет үшін бұл жоба бір фабрика аясындағы жеке бастама ғана емес, бөлшектелген генерацияны дамытуға бағытталған ауқымды стратегияның бір бөлігі. Дата-орталықтар мен цифрлық өндірістерге деген сұраныс артқан кезеңде әрбір автономды энергия көзі аса құнды болып қала бермек.

ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев Қарағандыдағы тәжірибе баршаға үлгі болуға тиіс деп есептейді.

«Бұл – бөлінген генерация саласындағы өте маңызды жоба. Мұндай модель өндіріс орындарына ғана емес, үй шаруашылықтарына да қолжетімді және кеңінен таралуға лайық. Бұл жергілікті қуаттарды нығайту мен жалпы ел бойынша энергожүйні күшейтуге жасалған үлкен қадам».

Жобаның маңыздылығы ең жоғары мемлекеттік деңгейде де атап өтілуде. Энергетика саласы – цифрлық Қазақстанның «қан тамыр жүйесі». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, тұрақты энергиясыз жасанды интеллект дәуірінде қуатты мемлекет құру мүмкін емес.

Статистика да бұл бағыттың дұрыстығын дәлелдейді: желілерді жаңғырту мен жаңа қуаттарды енгізу нәтижесінде өткен жылыту маусымында апаттар саны 27 пайызға азайған. Алайда шынайы тұрақтылыққа Абай фабрикасы секілді мыңдаған шағын кәсіпорын өз бетінше «таза» энергия өндіретін кезде ғана қол жеткізуге болады.

«Атамекен» ҰКП «Қарағанды Жарық» және Электр энергетикасын дамыту институтының қолдауымен жүзеге асқан Абай тәжірибесі өзге өңірлер үшін дайын үлгіге айналмақ. Егер «инвестициясыз 15% жеңілдік» моделі бір жыл ішінде өзінің тиімділігін дәлелдесе, Қазақстан 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 80 пайызға жеткізу мақсатына сапалы серпіліс жасай алады.

Бұл станцияның іске қосылуы нарыққа айқын белгі берді: экологиялық жауапкершілік енді қайырымдылық емес, бәсекеге қабілеттіліктің нақты құралына айналуда. Әрбір үнемделген киловатт бизнес тұрақтылығына айналатын бұл кезеңде «жасыл» технологиялар имидждік элементтен өмірлік қажеттілік сатысына өтуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174