«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астананың кадрлық әлеуетін дамыту: бизнес пен колледждер бірлесіп әрекет етеді

2025 жылғы 11 Желтоқсан
- Астана қаласы
353 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында елордалық колледждер, кәсіпкерлік қауымдастық және сарапшылар техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті. Ел бойынша жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кеңеске қатысушылар колледждерге түсушілердің қызығушылығы жоғары болғанымен және оқу топтарының толықтығына қарамастан, жүйе әлі де білікті кадрлар тапшылығына тап болып отырғанын атап өтті. Көптеген түлектер өндірістік ортаға жеткілікті практикалық дағдыларсыз келеді, сол себепті кәсіпорындар оларды жұмысқа тұрғаннан кейін қайта дайындауға мәжбүр. Бұл жағдай өндірістік процестердің тиімділігіне әсер етіп, жас мамандардың бейімделуін қиындатады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев білім беру ұйымдары мен нақты экономика секторы арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын айтты. Ол жетекші компанияларды біріктіретін салалық IT кеңесінің жұмысын еске салды және колледждерге студенттерді сол ұйымдарға өндірістік тәжірибеге белсендірек жіберуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе болашақ мамандардың заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне және кәсіпорындар сұранысына сай дағдылар қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Жеңіс Тайшытаев жастардың кәсіби бағдарын қолдауға бағытталған цифрлық платформаның әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл платформа жастарға болашақ мамандығын саналы таңдауға, ал колледждерге еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес білім беру бағдарламаларын бейімдеуге көмектеседі. Палата басшысы кәсіпкерлік қауымдастықтың кадр даярлау ісіне белсенді қатысуын адам капиталының дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағалайтынын жеткізді.

Салалық кеңестің төрайымы Майра Байдубекова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инфрақұрылымдық шектеулерге назар аударды. Оның айтуынша, бірқатар мамандықтар бойынша жан басына қаржыландыру деңгейі жеткіліксіз. Әсіресе техникалық бағыттарда шығындардың толық өтелмеуі оқу процесін жаңғыртуға кедергі келтіреді. Кейбір өңірлерде қаржыландыру нормативтері төмендетіліп, әдістемелік талаптарға сәйкес келмейді, бұл сала дамуында қосымша қиындықтар туғызады.

Төрайымның айтуынша, көптеген колледждердің материалдық-техникалық базасы заманауи өндіріс талаптарына жауап бермейді. Студенттер кәсіпорындарда пайдаланылмайтын ескірген жабдықта оқиды, соның салдарынан оқу мазмұны мен экономиканың нақты сұранысы арасында айқын алшақтық пайда болады. Ол сондай-ақ колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың көп жағдайда формалды сипатта қалып отырғанын атап өтті. Кәсіпорындар оқу бағдарламаларын жаңартуға және шеберханаларды жаңғыртуға жиі қатыспайды.

Отырыста кадр даярлаудың мазмұндық мәселелері де қаралды. Оқу бағдарламалары жеткілікті жылдам жаңартылмайды, дуальды оқыту тек аз ғана студенттерді қамтиды, ал практикалық дағдылар толық қалыптаса бермейді. Техникалық пәндер бойынша білікті педагогтардың тапшылығы жағдайды күрделендіріп отыр. Көптеген оқытушылар өндірістік тағылымдамадан ұзақ уақыт өтпеген, ал жас мамандар төмен жалақы мен шектеулі мансаптық мүмкіндіктерге байланысты колледждерде жұмыс істеуге әрдайым қызығушылық танытпайды.

Талқылау барысында студенттердің өндірістік тәжірибесіне қатысты мәселе де көтерілді. Бірқатар кәсіпорындарда тәлімгерлер мен ресурстардың жеткіліксіздігі тәжірибенің сапасына әсер етеді. Ынталандыру тетіктерінің жоқтығы да жұмыс берушілердің студенттерді қабылдау ынтасын төмендетеді. Соның салдарынан түлектер диплом алғанымен, қажетті кәсіби құзыреттерді толық меңгере бермейді.

Жиын қорытындысында қатысушылар жүйелі шешімдер қажет деген ортақ пікірге келді. Басым бағыттар ретінде оқу базасын жаңғырту, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету, дуальды оқытуды кеңейту, жұмыс берушілерді оқу бағдарламаларын әзірлеуге тарту және педагогтердің біліктілігін арттыру атап өтілді. Түлектердің жұмысқа орналасуын бақылайтын мониторингтік жүйені енгізу де тиімділікті бағалаудың маңызды құралы ретінде ұсынылды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы дуальды оқытуды дамытуға және колледждер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрі қарай да қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Мұндай қадам білім беру ұйымдарының экономиканың нақты қажеттіліктеріне жедел жауап беруіне және қазіргі заман талаптарына сай мамандар даярлауына мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174