«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Даму» субсидия бойынша борыштарды өтеп, бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін іске қосады

2025 жылғы 28 Қараша
336 просмотров

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биылға жоспарланған субсидиялар бойынша мемлекеттік қаржыландыруды толық көлемде алып, алдағы уақытта кәсіпкерлерге төлемдер жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қор бюджет шешімдерінен тәуелсіз, тұрақты қолдау құралдарына көшуді бастады.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген «Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұловтың айтуынша, субсидиялар бойынша берешек алдағы күндері толық жабылмақ.

«Қор қажетті қаражатты алып, мақұлданған барлық жобалар бойынша төлемдерді қайта бастады. Бұған дейін жиналған субсидия қарыздары алдағы күндері толық өтеледі», – деді Талғат Смағұлов.

Ол жыл соңына дейін Қор өз міндеттемелерін толық орындайтынын жеткізді.


Тұрақтылыққа көшу
Талғат Смағұловтың айтуынша, бүгінгі басты міндет – пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың шығыны көп тетіктерінен бас тартып, бизнеске жыл сайынғы бюджеттік шешімдерінен тәуелсіз, тұрақты қаржыландыру мүмкіндігін беретін құралдарға көшу.
Негізгі екі бағыт айқындалған: несиелерді кепілдендіру және «Өрлеу» бағдарламасы.
Шағын және орта бизнестің басты мәселесі – кепіл мүлкінің жетіспеушілігін шешу үшін екі жаңа кепілдік қоры құрылды.
Бұл механизмдердің арқасында банктер жеткіліксіз қамтамасыз ету жағдайында да несие беруді ұлғайту мүмкіндігіне ие болды.
Қазірдің өзінде 700 млрд теңгеден асатын жобалар қаржыландырылған. Кепілдендірілген несие портфелі өткен жылмен салыстырғанда 158%-ға өсіп, рекордтық көрсеткішке жетті.


 «ӨРЛЕУ»: 12,6% мөлшерлемемен несиелеу
Сонымен қатар «Өрлеу» тұрақты жеңілдікті несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл – субсидиялардан тәуелсіз, болжамды әрі тұрақты қаржылық құрал.
Ол бойынша несиелер жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі (айналым қаражатына – 3 жылға дейін).
Бағдарлама аясында 1,6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы 475 млрд теңге көлемінде қолдау алды.
Жыл басынан бері «Даму» қоры республика бойынша 9 мыңнан астам жобаны қолдап, жалпы көмектің көлемі 1,739 трлн теңгеге жетті.


«Бұл мемлекет ұсынып отырған тетіктердің тиімділігін және кәсіпкерлердің оларды белсенді пайдаланатынын дәлелдейді», – деп түйіндеді «Даму» Қоры басшысының орынбасары. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174