ҚССП Қазақстан-Эстония бизнес-форумында қазақстандық бизнестің ұстанымдарын таныстырды
2025 жылдың 18 қарашасында Астанада Қазақстан-Эстония бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, іскер орта және салалық бірлестік өкілдері қатысты. Форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Республикасының Президенті Алар Карис қатысып, бұл екіжақты диалогтың жоғары деңгейін айқындады. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы (ҚССП) форум жұмысына белсенді қатысып, өзекті ұстанымдар мен ынтымақтастықты дамыту басымдықтарын ұсынды.
Форум Қазақстан мен Эстония тараптарының құттықтау сөздерімен ашылып, одан кейін цифрландыру, логистика және экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне арналған панельдік сессиялар өтті. Өз сөзінде ҚССП Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтіп, іскер байланыстарды институционалдық қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Шара барысында ол екі ел кәсіпкерлері арасындағы тұрақты диалог үшін тиімді алаң құру қажеттілігіне назар аударды. ҚССП тарапынан Қазақстан-Эстония Іскерлік кеңесін құру ұсынылып, ол делік байланыстарды тереңдетуге, бірлескен бастамаларды ілгерілетуге және компаниялардың бір-бірінің нарығына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жұмыс тетігі ретінде қарастырылды. Сондай-ақ екі елде сауда үйлерін ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды, бұл тауар номенклатурасын кеңейтіп, өнімдерді нарықтарға ілгерілетуге ықпал етеді.
Форум барысында Эстония бизнесінің Қазақстандағы қызметіне айрықша назар аударылды.
«Бүгінде елімізде Эстония капиталының қатысуымен 74 кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың ішінде Bolt, Omniva, Logsoft, Windoor, KazAzotBalt секілді әртүрлі салалардың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан компаниялар бар. Эстония компанияларының Қазақстандағы белсенді қызметі - елдеріміз арасындағы әріптестікті нығайтуға деген сенімнің және өзара қызығушылықтың айқын көрсеткіші», - деп атап өтті ҚССП Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов.

Қазақстан тарапымен жүк тасымалы және тәжірибе алмасу бағытында әріптестік орнатуға елдің ірі порттары - Таллин, Силламяэ, Мууга және Палдиски ашық екенін білдірді. Қазақстан да Эстония порттарымен ықтимал серіктестікті қарастыруға дайын екенін алға тартты.
Стратегиялық қадамдардың бірі - Қазақстан экспорттаушыларын қолдауға бағытталған Эстония тарапынан қабылданған шаралар болды. Ұлттық теміржол оператор Eesti Raudtee ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға жеңілдетілген тариф енгізді, ал MGT Muuga Grain Terminal терминалы астықты ұзақ мерзімге тегін сақтауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Эстония арқылы әлемдік нарықтарға 200 мың тоннадан астам қазақстандық бидай, зығыр және рапс жөнелтілді.
Еске сала кетейік, Эстония Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында 2025 жылдың 17 қарашасында Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа ҚССП Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Эстония Сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма Төрағасы Оливер Вээртнёу Мемлекет басшыларының қатысуымен қол қойды. Меморандум іскерлік ынтымақтастықты тереңдетудің, өзара іс-қимыл форматын кеңейтудің және әріптестікті дамытуға арналған институционалдық платформаны нығайтудың маңызды тетігі болып табылады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: