«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмыс тоқтау қаупінде: ШҚО-да бизнес жүк самосвалдарына арналған жаңа талаптарды енгізуді кейінге шегеруді сұрайды

2025 жылғы 10 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
362 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері мен Көлік бақылау инспекциясының қатысуымен кездесу өтті. Кездесуде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін және самосвалдармен жүк тасымалдауға қатысты заңнама өзгерістері талқыланды.

Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 38-2-бабына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, заңнамада белгіленген автокөлік құралының рұқсат етілген жалпы массасынан асатын самосвалдармен жүк тасымалдауға жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында және елді мекендер көшелерінде тыйым салынады. Бұл өзгерістер 2022 жылғы 29 желтоқсанда қабылданған № 174-VII ҚР Заңымен көзделген.

ШҚО бойынша Көлік бақылау инспекциясының мәліметінше, артық жүк тасымалдау жолдың тез жарамсыз болуына әкеледі. Сонымен қатар, ауыр салмақ түсіретін басқа техникалар – бетон тасымалдағыштар, автокрандар және арнайы техника да жолға қосымша салмақ түсіреді.

«Жаңа шаралар жолдардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Айта кетейік, талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік, оның ішінде айыппұлдар қарастырылған.

ШҚО бизнес қауымдастығының айтуынша, жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін көптеген компаниялар қолданыстағы техниканы жүкпен де, жүксіз де пайдалана алмай қалады - себебі самосвалдың бос салмағының өзі рұқсат етілген нормадан жоғары.

Кәсіпкерлердің айтуынша, автотехника жақында сатып алынған, ал қазіргі нарық жағдайында оны ауыстыру мүмкін емес. Қазірдің өзінде бірқатар келісімшарттардың орындалуы қиындыққа ұшырап отыр. Кейбір кәсіпкерлер техниканы қайта жабдықтау, мысалы, кузовын кішірейту мүмкіндігін қарастыруда. Алайда мұндай өзгерістер автокөлік техникалық паспортында көрсетілгендіктен, өндіруші зауытпен келісуді талап етеді.

Бұдан бөлек, альтернативті техникаға, мысалы, КАМАЗ-ға көшу көптеген компаниялар үшін тиімсіз: жанармай шығыны, техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектердің құны жоғары.

Кәсіпкерлер жаңа талаптарды енгізу бойынша өтпелі кезеңді техниканың табиғи тозу мерзіміне дейін, шамамен үш жылға ұзартуды ұсынуда. Бұл бизнес тоқырауын болдырмауға және компанияларға автопаркті кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, самосвалдардың толық тозуы кезеңіне дейін уақытша реттеу механизмін қарастыратын меморандум жасасу бастамасы да айтылды.

«Біз өзгерістердің жол инфрақұрылымын сақтау және тасымалдау қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын түсінеміз. Дегенмен, жаңа талаптарды енгізу самосвал сатып алуға айтарлықтай қаржы құйған кәсіпкерлерге ауыр соққы болмауы маңызды. Кәсіпкерлер палатасы диалогтық форматты қолдайды», - деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Айжан Жангирханова.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнестің тұрақты жұмысын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік міндеттер мен кәсіпкерлік қызметтің тепе-теңдігін сақтау үшін жаңа талаптарды енгізу бойынша өтпелі кезеңді ұзарту туралы ұсыныспен уәкілетті органдарға жүгінуді жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174