«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШҚО кәсіпкерлерін алкогольге лицензия алу кезіндегі алаяқтықтан сақ болуға шақырды

2025 жылғы 28 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
203 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері мен облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарының кездесуі өтті. Кездесу барысында алкоголь өнімдерін сақтау және сату лицензияларын беру мен қайта рәсімдеу тәртібіндегі өзгерістер, сондай-ақ бұл салада жиілеп кеткен алаяқтық фактілері талқыланды.

Мемлекеттік кірістер департаменті лицензияларды беру және қайта рәсімдеу бойынша барлық операциялар тек ресми egov.kz және elicense.kz порталдары арқылы жүзеге асырылатынын еске салады. Төлем тек қолма-қол ақшасыз түрде - екінші деңгейлі банктер немесе eGovPay жүйесі арқылы жүргізіледі.

«Салық төлеушілерге қоңырау шалу немесе қандай да бір кодтарды сұрау мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерімен жүзеге асырылмайды. Процесті жеделдету жөніндегі кез келген сыртқы ұсыныстар күмән тудыруы тиіс. Сақ болыңыздар!» - деп ескертті ведомство өкілдері.

Мемлекеттік органдардың өкілдері сонымен қатар алкоголь өнімдерін сақтау және сату қызметімен айналысатын кәсіпкерлерге қойылатын талаптар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Оның ішінде өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізімі және біліктілік талаптары түсіндірілді.

Бұдан бөлек, мамандар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес алкоголь өнімдерін сақтау және сату лицензияларын пайдалану үшін төлем алынып тасталатынын атап өтті.

Айта кету керек, қазіргі уақытта алкоголь өнімдерін сақтау және сату қызметін жүзеге асыру құқығы үшін алынатын лицензиялық алым елді мекеннің мәртебесіне қарай мынадай мөлшерде белгіленген:

  • республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда - 200 АЕК;
  • аудан орталықтары мен кенттерде - 70 АЕК;
  • ауылдық елді мекендерде - 30 АЕК.

Лицензияны қайта рәсімдеу кезінде лицензиялық алым мөлшерлемесінің 10%-ы көлемінде төлем көзделген.

Маңыздысы – бастапқы лицензия алу үшін төленетін лицензиялық алым күшінде қалады. Сондай-ақ әрбір алкоголь өнімін сату нүктесіне жеке лицензия алу талабы да өзгеріссіз қалды.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова Палата кәсіпкерлерге лицензиялау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес беруге әрдайым дайын екенін атап өтті. Бұл бизнестің қателіктерге жол бермеуіне және өз мүдделерін қорғауына көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174