Тендердегі техникалық сипаттамалар – табыстың кілті ме, әлде қауіп көзі ме?
Қазақстан кәсіпорындары үшін, әсіресе, теміржол жөндеу сияқты сенімділікке жоғары талап қойылатын салаларда уақтылы және сапалы жеткізу мәселесі өзекті болып отыр.
Осыған байланысты «Вагонсервис» АҚ «Атамекен» ҰКП-ға шарттық міндеттемелерді тиісінше орындай алатын адал жеткізушілерді таңдауға жәрдем көрсету туралы өтінішпен жүгінді.
«Бұл үрдіс алаңдаушылық туғызуда. Тек алғашқы жартыжылдықтың өзінде Жосықсыз жеткізушілер тізіміне шамамен 50 компания енгізілді. Себептері: тауарды уақытында жеткізбеу, сапаның сәйкессіздігі. Мұндай жеткізілімдер өндірістік үдерістер мен қауіпсіздікке тікелей әсер ететіндіктен, оларға жол беруге болмайды. Жеткізушілер әуел бастан-ақ өз жауапкершілігін түсінуге тиіс, шарттық міндеттемелерді толық орындау мүмкіндігі болмаса, тендерлерге қатысуға өтініш жазбауы қажет», – деді «Вагонсервис» АҚ Бас директорының орынбасары міндетін атқарушы Омар Әбдіков.
Осыған байланысты жеткізушілерді іріктеу кезінде бақылауды күшейту және адал қатысушылар институтын дамыту аса маңызды.
«Атамекен» ҰКП жеткізушілердің адалдығына қатысты бөлек тізілім жүргізбейтінін атап өткен жөн. Тіркелген барлық әлеуетті жеткізушілер сатып алу рәсімдеріне теңдей қол жеткізе алады. Ұлттық палатада отандық тауар өндірушілердің, жұмыстар мен қызмет көрсетушілердің тізілімі (СТ-KZ сертификаттары мен Индустриялық сертификат) жасалып жатыр, ол осы жылдың соңына дейін қолданыста болады.
«Ашықтық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірқатар тетік әзірлеу көзделген, соның ішінде Жосықсыз жеткізушілердің тізілімі де бар. Оған кәсіпкерлер келісімшартқа қол қоюды кешіктіргені, жалған мәліметтер бергені немесе міндеттемелерді бұзғаны үшін енгізіледі. Мемлекеттік сатып алуларда адами факторды жоя отырып, жеткізушілерді объективті бағалауға мүмкіндік беретін, рейтингтік-балдық жүйе қолданылады», – деп түсіндірді ҰКП-ның Басқарушы директоры – Сатып алуларды реттеу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.
«Атамекен» ҰКП-дағы отырыс барысында қатысушылар атап өткен негізгі мәселелердің бірі – тендерлік құжаттамада техникалық сипаттамалардың нақты және түсінікті болмауы. Сарапшылардың айтуынша, кей кездері тіпті мұнай компаниялары да сипаттамаларға сәйкес келмейтін жабдықтар алуда. Мұның себебі – техникалық параметрлердің жеткілікті түрде нақты көрсетілмеуі немесе тапсырыс берушілердің атүсті көзқарасы.
Мұндай тәжірибе жеткізілетін тауарлардың талаптарға сәйкес болмауына, оларды ауыстыру мен қайта өңдеуге қатысты қосымша шығындарға, мерзімдердің бұзылуына және тапсырысқа байланысты бейресми талаптарды білетін жеткізушілер ғана тендерлерге қатыса алатын жағдай туғызу арқылы бәсекелестікті шектеу қаупіне әкеледі.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық өндірушілерге болашақ сатып алулар аясында қажеттіліктер туралы ақпаратты алдын ала жеткізу арқылы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: