«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталып, марапатталды

2025 жылғы 03 Қазан
- Ақтөбе облысы
319 просмотров

«Біздің мақсатымыз — ауыл бизнесінің оқып, дамитынын және ірі маркет сөрелеріне шығып, нарықта өз орнын таба алатынын көрсету», — деді Қобда ауданындағы «Нур-МТС» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрсулу Сатаева «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аймақтық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде.

Іс-шараның атмосферасы

Бүгін Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында ерекше атмосфера орнады: қызу пікірталастар, жеңімпаздардың шат күлкісі мен әріптестерінің жылы құттықтаулары. Салтанатты рәсімде финалистерге сертификаттар мен арнайы мүсіншелер табыс етілді.

«БАБӨ жобасының финалистері — тек өнім жасаушылар ғана емес, олар өңірлік бренд қалыптастырып жүрген азаматтар. Олардың жетістігі жаңа бастаған кәсіпкерлерді қанаттандырады. Маңыздысы — бұл идеялардың негізінде жергілікті шикізат, қол еңбегі және ауылды дамытуға деген ықылас жатыр. Дәл осы олардың өнімін бәсекеге қабілетті етеді», - деп атап өтті жеңімпаздарды құттықтаған Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Құттықтауларға облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев та қосылып, жобаның ауыл экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтті.

Үздіктер қалай таңдалды

Өз жобаларын ұсынған он жартылай финалистің ішінен бренд-комитет мүшелері — бизнес, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері — дауыс беру арқылы ең мықты үштікті анықтады. Бағалау өлшемдері қатаң болды: өнімнің сапасы мен дизайнынан бастап, нарықтағы әлеуеті және кәсіпкердің бизнесті кеңейтуге дайындығына дейін қаралды.

Үш табыс тарихы

«Зару» ШҚ (Мәртөк ауданы). Жетекшісі — Бану Тлегенова. Шаруашылық марал өсіру ісімен айналысады. Пант өнімдері сегіз жылдан астам уақыттан бері сұранысқа ие. Бұдан бөлек, кәсіпкер медициналық туризмді де дамытып отыр: Қазанка ауылындағы шипажай жанынан мамандарға арналған 10 үй салынған. Бүгінде Ақтөбе, Алматы және Қостанай қалаларында филиалдары бар.

«Нур-МТС» ШҚ (Қобда ауданы). Жетекшісі — Нұрсулу Сатаева. Шаруашылық «Qobda Milk» брендімен сүт өнімдерін шығарады. Мұнда толық кластерлік жүйе жұмыс істейді: мал өсіру, өңдеу, өндіріс, стерильді қаптама және брендтеу. Шаруашылықта 300-ге жуық ірі қара бар, өнімдері облыс нарығында кеңінен таралып келеді.

ЖК Николай Ровенский (Қарғалы ауданы). Бес жыл бұрын теміржол инженері тәуекелге барып, бизнесті нөлден бастады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге 10 ара ұясын сатып алған. Бүгінде оның омартасында 30 карника тұқымды ара ұясы бар. Нарыққа төрт түрлі бал шығарады: жөке балы, беде балы, көп шөпті және күнбағыс балы. Өнімі өңірде танымал бола бастады.

Жобаның мәні

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үш жылдан бері жүзеге асырып келеді. Мақсаты — әр ауылда кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім өндірісін қолдау. Осылайша жергілікті бренд қалыптасып, нарықтағы құны мен танымалдығы артады.

«Үш финалист енді Ақтөбе облысының атынан республикалық «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде өнер көрсетеді. Бұл — олардың мойындалуы ғана емес, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік. Маркетологтар өнімді брендтеуде, сертификаттауда, тіпті экспортқа шығаруда қолдау көрсететін болады», — деп атап өтті Дидар Боранқұлов.

Гранттық қолдау

Жеңімпаздар үшін тағы бір маңызды ынталандыру — 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға қатысу мүмкіндігі. 2024 жылдан бастап мұндай гранттар тек БАБӨ финалистеріне және «Әлеуметтік кәсіпкерлік» мәртебесі бар кәсіпкерлерге беріледі. Қалған бизнес иелері тек жеңілдетілген несие ала алады.

Шара барысында кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қатысушыларға гранттарға өтінім беру шарттарын түсіндірді. Грант қаражаты жаңа жабдық, шикізат пен материал сатып алуға, технология енгізуге, франшиза алуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалады.

Міндетті шарттар да бар:

  • кәсіпкердің өз қаражаты кемінде 20% болуы тиіс;
  • грантты тек мақсатты түрде және қолма-қолсыз пайдалану қажет;
  • жаңа жұмыс орындарын ашу міндетті.

Өтінімдер Kezekte.kz автоматтандырылған платформасы арқылы қабылданады. Конкурс басталуы туралы қосымша хабарлама БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Грант шарттары бойынша толық ақпаратты Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан алуға болады (Ақтөбе қ., Әбілқайыр хан даңғылы, 40, 6-қабат, 657-кабинет).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174