«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Латвия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

2025 жылғы 29 Қыркүйек
518 просмотров

2025 жылғы 29 қыркүйекте Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Латвия Республикасының Көлік министрі Атис Швинка және Латвияның Қазақстандағы Елшісі Даце Руткамен кездесті. Тараптар логистика, мультимодальды тасымалдар және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту саласындағы негізгі ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Қазақстандық делегация құрамында «Атамекен» ҰКП өкілдері, Қазақстан–Латвия Іскерлік Кеңесі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және сауда салаларының профильдік департамент мамандары болды. Кездесуге салалық қауымдастықтар мен көлік және логистикалық компаниялардың өкілдері де қатысты.

Мұрат Қарымсақов Латвия Республикасының Қазақстан үшін Еуропа мен Скандинавиядағы негізгі серіктестердің бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтті: «Сіздердің теңіз порттарыңыз, дамыған инфрақұрылымдарыңыз және қазіргі сын-қатерлерге икемді бейімделу қабілеттеріңіз Латвияны сенімді транзиттік торап қана емес, сонымен қатар екі елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға және тұрақты дамуға ықпал ететін маңызды серіктеске айналдырады».

Ерекше назар Қазақстан–Латвия Іскерлік Кеңесінің жұмысына аударылды. Кеңес 2025 жылғы сәуір айында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Латвия жұмыс берушілер конфедерациясының қолдауымен құрылған болатын. Кеңестің қызметі іскерлік байланыстарды дамытудың және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа алаңы болмақ. Кездесу барысында 2024 жылы 231 млн АҚШ долларын құраған өзара сауда көлемін ұлғайту перспективалары талқыланды.

Мұрат Қарымсақов:

«Бүгінде Қазақстанда шамамен 145 латвиялық кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Ерекше орын фармацевтика және банк секторына тиесілі. Біз сондай-ақ Рига, Вентспилс және Лиепая порттарының мүмкіндіктерін пайдалану жөніндегі латвиялық тараптың ұсыныстарын жоғары бағалаймыз және Транскаспий көлік дәлізін қоса алғанда, жаңа мультимодальды маршруттарды дамытуға дайынбыз», - деп атап өтті.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы логистика, көлік және инвестициялық ынтымақтастық саласында практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенін білдіріп, Қазақстан мен Латвия арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуда бизнес пен мемлекеттік органдар синергиясының маңызын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174