«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Александр Подвалов: мемлекеттің, бизнестің және технологиялардың синергиясы Қазақстанды өңірдегі кәсіпкерлік бастамалардың орталығына айналдырады

2025 жылғы 16 Қыркүйек
- Астана қаласы
276 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында шағын және орта бизнестің экономиканың негізгі драйвері ретіндегі маңызы ерекше атап өтілді. Бүгінде ШОБ үлесі ЖІӨ-нің 40%-ына және жұмыспен қамтудың 50%-ына жуықтап отыр.Бұл айтарлықтай ілгерілеудің белгісі. Дегенмен, тек сандық көрсеткіштерді арттыру жеткіліксіз. Өсімнің сапасына басымдық беру қажет: технологияларға инвестиция салатын, жоғары қосылған құны бар жұмыс орындарын құратын және сыртқы нарыққа шығатын компанияларды қолдау маңызды.

Президенттің айтуынша, шағын бизнес сегментінде кәсіпорындардың небәрі 6%-ы ғана өндіріс саласында жұмыс істейді. Бұл алаңдатарлық көрсеткіш. Өндірістік сектор дамымайынша, экономиканың тұрақтылығы қамтамасыз етілмейді. Сондықтан ШОБ-ты жабдықтарға инвестиция салуға, цифрландыруға және жаңғыртуға ынталандыру қажет. Ақпараттық технологиялар саласында шағын компаниялардың өз технологияларының арқасында экспортқа тез шығатынын көріп отырмыз. Мұндай тәсілді дәстүрлі салаларға да енгізу керек.

ҚҚС мөлшерлемесін талқылау мысалы «Атамекен» ҰКП институтының тиімділігін көрсетті. Салық мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру ұсынылған еді, алайда бұл бизнеске ауыр соққы болар еді. Палатаның бірауызды ұстанымы мен сарапшылар тобының есебінің нәтижесінде 16%-дық ымыралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлер үшін аса маңызды: салық саясаты болжамды болып, жүктеме қолжетімді деңгейде қалуы тиіс. Осы тұрғыда біз бизнес-қауымдастық ретінде жергілікті жағдайларды ескеруді әрі қарай да талап етуіміз қажет.

Салықтық әкімшілендіру мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Президент Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландырудың флагманына айналуы тиіс екенін атап өтті. Мұнымен толық келісемін. Бүгінде кәсіпкерлер салық органдарымен өзара іс-қимылға тым көп уақыт пен ресурс жұмсайды. Автоматтандыру, ақылды алгоритмдер, ашық цифрлық сервистер бюрократияны азайтып қана қоймай, кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін арттырады.

Цифрландыру бизнес үшін аса маңызды. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП-ның «Бизнес цифрлық картасы» жобасы ерекше рөлге ие. Ол әр өңірдегі кәсіпкерлік ортаның жағдайы туралы объективті әрі өзекті деректер алуға, түйткілді мәселелерді анықтауға, қолдау шараларын айқындауға және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл цифрлық карта мемлекет пен бизнес арасындағы көпірге айналып, кәсіпкерлікті қолдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Келесі кезең – жасанды интеллектті пайдалана отырып, трендтерді болжау және тәуекелдерді анықтау. Бұл кәсіпкерлер мен мемлекет үшін «цифрлық навигатор» құруды білдіреді. Мұнда үлкен әлеует бар: предиктивті талдау перспективалы жобаларды дер кезінде қолдап, кедергілерді жоюға жол ашады.

Жолдаудың маңызды бөліктерінің бірі - заңнаманы реформалау. Қазір кәсіпкерлер жиі нормалардың қайшылығына және күрделі талаптарға тап болады. Жасанды интеллектке негізделген Реттеуші интеллект орталығын құру - қолдауға тұрарлық бастама. Цифрлық технологиялар заңнаманы қайта қарауды жеделдетіп қана қоймай, оны тұрақты процеске айналдыратынына сенімдімін.

Біз президенттің даму институттарын қайта жүктеу жөніндегі тапсырмасын да қолдаймыз. Қазіргі таңда олардың қызметі көбіне формалды сипатта қалып отыр және бизнестің нақты қажеттіліктерінен алшақ. Даму институттары кәсіпкерлердің шынайы серіктесіне айналуы тиіс: тек қаржыландырумен шектелмей, салалық сараптама ұсынып, халықаралық нарықтарға және жаңа технологияларға шығуға көмектесуі қажет.

Қағидатты маңызды мәселе - экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету. Мемлекеттік қатысуы бар шамамен 25 мың ұйым жеке сектордың дамуына кедергі келтіруде. Бұл ретте Президенттің ұстанымын толық қолдаймын: мемлекет стратегиялық және әлеуметтік функцияларға шоғырлануы керек, ал бизнес бәсекелі орта қалыптастырып, жаңа өнімдер мен жұмыс орындарын ашуы тиіс. Қайталанушылық азайған сайын кәсіпкерлік бастамалар үшін кеңістік те арта түседі.

Бүгінде бізде ШОБ-ты жаңа экономиканың басты драйверіне айналдыруға нақты мүмкіндік бар. Ол үшін жүйелі жұмыс қажет: салықтық жүктемені төмендету, заңнаманы жасанды интеллект көмегімен жаңғырту, жаңа буындағы цифрлық сервистерді енгізу, өндірістік компанияларды қолдау және экономиканы мемлекеттің шамадан тыс қатысуынан кезең-кезеңімен босату.

Мен мемлекеттің, бизнестің және заманауи технологиялардың синергиясы Қазақстанды өңірдегі кәсіпкерлік бастамалар мен цифрлық көшбасшылықтың орталығына айналдыратынына сенімдімін.

Александр Подвалов,
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Ақпараттық технологиялар» салалық кеңесінің төрағасы,
«AG TECH» ЖШС бас директоры

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174