«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнеркәсіптегі маман жетіспеушілігі: Астана кадрлық дағдарысты қалай еңсеруде?

2025 жылғы 12 Қыркүйек
- Астана қаласы
251 просмотров

Өнеркәсіптегі жұмыс күші тапшылығы - елорданың басты мәселелерінің бірі. Кәсіпорындар білікті мамандардың жетіспеушілігін қатты сезініп отыр. Бұл мәселе Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында өткен «Өнеркәсіп, даму және ОТП қолдау» салалық кеңесінің отырысында негізгі тақырып болды.

Еңбек нарығындағы жағдай мен еңбек ресурстарын дамыту шаралары туралы елорда әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар баяндады. Оның айтуынша, өнеркәсіп кәсіпорындарына білікті мамандар табу барған сайын қиындап барады. Бұл мәселені мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдарының өзара ықпалдастығы арқылы ғана шешуге болады. Осы бағытта кәсіби оқыту және өндірістік секторда жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламалары іске асырылуда.

Кадр тапшылығын еңсеруде білім беру жүйесінің маңызы ерекше. С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің тәжірибе және мансап орталығының жетекшісі Бақыт Әбенова оқу бағдарламалары өндірістің нақты сұраныстарына сай құрылуы қажет екенін атап өтті. Университетте тәжірибеге негізделген оқыту енгізілуде: білім беру бағдарламаларын әзірлеуде жұмыс берушілердің талаптары ескеріледі, сонымен қатар академиялық еркіндік сақталады. Бұл курстарды қазіргі заман талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді. Университет бизнеске ашық және мұндай ынтымақтастықтың бірнеше моделін жүзеге асыруда.

Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының орынбасары Ирина Ракишева нақты мысал келтірді. 2013 жылдан бері оқу орны дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша эксперименттік алаң болып табылады. Қазіргі таңда мұнда 660 студент пен 80 серіктес кәсіпорын қатысатын 11 бағдарлама іске асуда, ал жалпы колледждің 200 компания-тәлімгері бар. Соның арқасында түлектердің 78%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Дегенмен тәжірибе барысында бірқатар қиындықтар анықталды: кәсіпорындар студенттерді әрдайым ықыласпен қабылдамайды, кейде оларға болашақ мамандығына қатысы жоқ тапсырмалар береді. Оның себебі - көптеген студенттердің кәмелетке толмағандығында. Дегенмен бұл олардың ынтасына теріс әсер етеді. Колледж басшылығы жұмыс берушілерді дуальды оқыту жүйесінің студенттерін болашақ әріптестер ретінде қабылдап, оларды кәсіби ортаға белсенді тартуға шақырды.

Кадр мәселесінен бөлек, бизнесті қолдау тетіктері де қаралды. QazIndustry Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат ұсынды. QazTrade сыртқы сауданы дамыту мен отандық кәсіпорындарды қолдауға арналған қолданыстағы бағдарламаларымен таныстырды. Оның ішінде экспортты қолдау және өнімді шетелдік нарықтарға ілгерілету шығындарының бір бөлігін өтеу шаралары бар.

KazakhExport өкілдері де сыртқы экономикалық қолдау тетіктерін ұсынды. Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Муханов агенттіктің құралдарын таныстырды. Олардың қатарында экспорттық несиелер мен дебиторлық берешектерді сақтандыру, инвестициялық қарыздар тарту, сондай-ақ айналым қаражатын KazakhExport кепілдігімен қамтамасыз ету бар. Ал Nomad Life компаниясының басқарушы директоры Маржан Әлішева заңнамада көзделген қызметкерлерді міндетті сақтандырудың негізгі аспектілерін түсіндірді. Ол осы тетіктің мақсаттары мен артықшылықтарын атап өтіп, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызын ерекше белгіледі.

Талқылау қорытындысында қатысушылар ортақ пікірге келді: өнеркәсіптегі кадр тапшылығын бір ғана тараптың күшімен шешу мүмкін емес. Ол үшін білім беру бағдарламаларын жаңартудан бастап дуальды оқытуды дамытуға және бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына дейін жүйелі жұмыс қажет.

Елорда өнеркәсібіне мамандар ауадай қажет. Бүгінде Астананың тұрақты дамуы мемлекет, жоғары оқу орындары және кәсіпорындардың үйлесімді іс-қимылына байланысты.

Отырыс қорытындысы бойынша кадрлық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Әсіресе білім беру бағдарламаларын өндірістің қажеттіліктеріне сәйкестендіруге, жұмыссыз азаматтарды басым секторларға тартудың жаңа тәсілдерін енгізуге, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы, оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әлеуметтік келісімшарттар, тағылымдамалар және дуальды оқыту арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174