«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде кәсіпкерлер сотталғандарды жұмыспен қамтуға белсенді қатысуда

2025 жылғы 31 Шілде
- Ақтөбе облысы
846 просмотров

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар өндірген өнімдердің көрмесі мен прокуратура, мемлекеттік органдар, бизнес және қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының ҚАЖ мекемелерінің базасында өндіріс орындарын ашу арқылы сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында өткізілді. Кездесу барысында негізгі талқыланған тақырыптар — сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту, әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері және шығарылатын өнімді өткізу мәселелері болды.

Диалог алаңына Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, ҚАЖ департаментінің және облыстық басқармалардың басшылығы, «Даму» қорының, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның өкілдері, жер қойнауын пайдаланушылар мен кәсіпкерлер қатысты.

ҚАЖ департаментінің басшысы Руслан Уразбаевтың айтуынша, №8 мекемеде бүгінде 14 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар шамамен 450 сотталған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Басты бағыттарға — тігін өндірісі, темір-бетон бұйымдарын шығару, жөндеу-механикалық жұмыстар, жиһаз жинау және қалдықтарды өңдеу жатады.

«Бұл тек қана жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеуге қосылған үлес емес, сонымен қатар бизнес үшін нақты мүмкіндік, – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов. – Алайда, кәсіпкерлерді түзеу мекемелері базасында өндіріс алаңдарын ашуға кеңінен тарту үшін тиімді жағдайлар жасау қажет. Атап айтқанда, логистика мен инфрақұрылым мәселелерін шешу, сондай-ақ қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен бірге, ҚАЖ мекемелеріндегі жұмыс істеп тұрған өндірістердің бірыңғай тізілімін құруды ұсынамыз. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, әділ бәсекелестік орнатуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, өнім өткізуге қолдау көрсету мақсатында Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы №8 түзеу мекемесінде жұмыс істейтін өндірушілердің үш тілдегі Каталогын әзірлеп, таратуды қолға алды».

Прокуратура өкілдері ҚАЖ мекемелерінде жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестріне енгізу жұмысын жандандыру қажеттілігіне назар аударды. Қазіргі таңда 14 кәсіпкерлік субъектісінің тек біреуі ғана әлеуметтік кәсіпкерлік мәртебесіне ие. Осыған байланысты Кәсіпкерлік басқармасына бизнес субъектілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды аталған Реестрге енгізуге ықпал ету ұсынылды. Бұл өз кезегінде қосымша мемлекеттік преференцияларға жол ашады.

«Біз өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін көріп отырмыз. Қазіргі таңда бос алаңдар, қажетті ресурстар мен ынталы кәсіпкерлер бар. Ендігі мақсат — бизнес, мемлекет және қоғам күш-жігерін біріктіре отырып, тұрақты жұмыспен қамту мен өндірістің экожүйесін қалыптастыру», — деп атап өтті Талғат Әлібаев.

Бизнес өкілдері тарапынан нақты ұсыныстар айтылды. «Shofer» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Азамат Базар өндірісті кеңейтуге, шиналарды қайта өңдеуді ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол сотталғандарды токарь мамандығына оқыту қажеттілігіне назар аударды. Бұл бастама қатысушылар тарапынан қолдау тапты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер