ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Қазығұрт ауданында 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасы әзірленген. Ауданды дамыту үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыстар атқарылуда. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басым бағыт берілген.
Аталған жоспарлардың негізгі бағыттарымен танысу мақсатында облыстық мәслихат төрағасы, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы Нұралы Әбішов және Палата директоры Асылан Ибадуллаев Қазығұрт ауданына арнайы барып, бірқатар нысандарды аралады.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 2025-2030 жылдар аралығында құны 55,1 млрд. теңге болатын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланғанын жеткізді.
Нұралы Әлмаханұлы алдымен Қазығұрт елді мекенінде салынып жатқан арендалық үйлердің құрылысымен танысты. Аталмыш жоба жеке инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Мұнда 2 қабатты, 8 пәтерден тұратын 10 тұрғын үйдің құрылысы көзделген. Бұл жобалардың іске асуы аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе баспанаға мұқтаж отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне зор үлес қосады.
Сондай-ақ, Шарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Бірлік АШК» өндірістік кооперативінің жұмысы да мақтауға тұрарлық. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» атты алма түрлерін өсіретін қарқынды бауға айналған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-нан қаржыландырылған жоба құны 2 миллиард 500 миллион теңге. Көлемі — 150 гектар суармалы жер, соның ішінде бау 120 гектарды құрайды. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Өндіріс орны 24 дана техникамен жабдықталған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: