«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлемдік деңгейдегі білім: Астанада SABIS халықаралық мектебінің құрылысы басталды

2025 жылғы 15 Шілде
- Астана қаласы
475 просмотров

Астанада әлемнің 20-дан астам елінде табысты жұмыс істеп жатқан халықаралық SABIS білім беру желісінің алғашқы мектебінің құрылысы басталды. Бұл жоба инвестициялық жобаларды іске асыру аясында қолға алынып, биылғы жылдың ең ауқымды әрі маңызды білім беру бастамаларының біріне айналып отыр.

Құрылыс алаңында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің төрайымы Майра Байдубекова болды. Олар бұл бастаманың елордадағы білім беру кеңістігін дамытуға, сондай-ақ заманауи, әлемдік стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптастыруға қосар үлесін ерекше атап өтті.

SABIS жүйесі қатаң академиялық тәсілімен, дараланған оқыту әдістемесімен және білім беру үдерісіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізуімен танымал. Бұл мектептердің түлектері Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Стэнфорд, Массачусетс технологиялық институты секілді әлемнің жетекші университеттерінде білімін жалғастырып жүр.

Бүгінде SABIS білім беру саласында, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінде, көшбасшы мәртебеге ие болып, халықаралық ауқымын кеңейтіп келеді. Енді Қазақстан осы жаһандық картаның жаңа даму нүктесіне айналды.

Астанада салынып жатқан жаңа білім беру кешені 3 400 оқушыға арналған. Архитектурасы мен тұжырымдамасы балалардың академиялық қана емес, өнер, спорт және көшбасшылық салаларында да жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жайлы, қауіпсіз және заманауи орта құруға бағытталған.

Мектеп ғимараттарында заманауи сахналық өнер театры, жартылай олимпиадалық жүзу бассейні, заманауи стадион және кең ауқымды спорттық нысандар салынатын болады. Сонымен қатар, ішінде және сыртында спорттық алаңдар, велосипед жолдары мен шағын бассейні бар балабақшаға арналған жеке ғимараттың құрылысы жоспарланған.

SABIS білім беру жүйесінің бірегей артықшылықтарының бірі – оның Египет, Ливан, БАӘ және АҚШ-та орналасқан төрт өңірлік зерттеу орталығының болуы. Бұл орталықтар оқу материалдарын үнемі жаңартып, жаһандық үрдістерді ескере отырып оқыту әдістемелерін бейімдеуге және инновациялық шешімдер әзірлеуге жауап береді.

Аталған жобаны жүзеге асырып жатқан – «Emirates Kazakhstan Education Investment Group» ЖШС. 

Жаңа мектепті пайдалануға беру осы жылға жоспарланған. Оқу орны халықаралық деңгейдегі жекеменшік білім беру үлгісіне айналып қана қоймай, болашақ қазақстандық көшбасшыларды дайындайтын орталық болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер