«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚТӨ тізілімі: қазақстандық өндірушілерді өндіріс кезінде стрим жасауға міндеттей ме?

2025 жылғы 20 Маусым
1242 просмотров

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда СТ-KZ және Индустриялық сертификаттың орнына жаңа құрал – Қазақстандық тауар өндірушілердің (ҚТӨ) тізілімі енгізілмек. Мұның астарында ел аумағында тауар өндіретін мыңдаған кәсіпорынды қамтитын түбегейлі өзгерістер жатыр. Ең көп талқыланған тұсы – өндірістік процестерді бейнетіркеу талабы.

Еске сала кетейік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасы 3 маусымда «Ашық НҚА» порталында жарияланған болатын. Бұдан кейін 300-ге жуық кәсіпкер қатысқан алғашқы түсіндіру жиынын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген жаңа ережелерге сәйкес, тізілімге енгісі келетін әрбір кәсіпорын цифрлық верификация мен салалық тексеруден өтіп қана қоймай, өз өндірісіне бейнебақылау камераларын орнатуға міндетті болады. Бұл камералардан алынған бейнематериалдарға онлайн мониторинг жүргізуге мүмкіндік болуы шарт. Яғни, технологиялық операциялардың нақты орындалып жатқанын, әрі оны басқа бір жалған тұлғалар емес, нақты өндіруші орындайтынын дәлелдеу қажет. Бұл талаптың мақсаты – шетелдік жинақтауыштардан өнім жинап, отандық тауар ретінде көрсетіп, мемлекеттік қолдауға иек артатын «жалған кәсіпкерлермен» күресу.

Байланыс каналдарына қатысты «Цифрлық қаржы орталығы» АҚ өкілі Нариман Мағауиннің айтуынша, нақты уақытта стриминг платформаларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда, бұл жағдайда бірқатар сұрақтар туындайды: егер кәсіпорын өндірісті жылына бір-ақ рет іске қосатын болса, тексеру қалай жүргізіледі? Ал қорғаныс өнімдерін шығаратын зауыттарда трансляция жасау мүлде мүмкін емес, себебі бұл – құпия сипаттағы үдерістер.

«Егер өндірістік цикл жылына бір-ақ рет іске қосылса, тексеру кезінде цех бос тұрса, тізілімнен шығып қалу қаупі бар. Мұндай жағдайда не істемек керек?» -  деген мәселеге назар аударды «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев.


Тағы бір міндетті талап – цифрлық верификация. Бұл кезеңде кәсіпорын 28 түрлі ақпарат ұсынуы керек, оның негізінде 26 бағалау критерийі есептеліп, кәсіпорын «жоғары», «орташа» немесе «төмен» деңгейдегі отандық тауар өндіруші мәртебесін алады. Бірақ балл есептеу алгоритмі әзірге нақты емес.

«Биологиялық активтердің баланстық құны бізде жоқ. Осы талап бойынша біз автоматты түрде төмен балл аламыз. Бұл қаншалықты әділетті?» – деді Қазақстанның Қаптамашылар қауымдастығының өкілі Наталья Кузнецова.

Бағалау критерийлерінің ашық болмауы, салалық ерекшеліктердің ескерілмеуі, нақты кейбір көрсеткіштердің (мысалы, резеңке өңдеу зауыттары үшін пайдалы қазбалар қорының баланстық құны) орынсыз енгізілуі – мұның бәрі кәсіпорындарды тізілімге енгізу үдерісін бұлыңғыр әрі күрделі етіп отыр.

Айта кетейік, барлық жаңа талаптар тек тауар өндірушілерге ғана қатысты. Жұмыстар мен қызметтер ҚТӨ тізілімінің аясынан тыс қалып отыр, бұл «толық қамту» форматында жұмыс істейтін кәсіпорындардың алаңдаушылығын туғызуда.

Тізілімді құрушы және жүргізуші – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, яғни формалды түрде уәкілетті орган. Бірақ ереже жобасында барлық өзгерістер мен ұсыныстар «Атамекен» ҰКП арқылы жүргізіледі делінген. Бұл өз кезегінде құқықтық сәйкессіздікке әкелуі мүмкін.

Тағы бір талқыланған мәселе – өндірісті бағалау процесі. Ережеге сәйкес, бұл жұмысқа мемлекеттік орган өкілдері кіреді. Ал салалық қауымдастықтар мен ҰКП өкілдерінің қатысуы – ерікті сипатта. «Атамекен» ҰКП бұған дейін бірнеше рет осы сараптамалық тексерулерге салалық қауымдастықтардың аккредиттелген мамандарын қатыстыруды ұсынған. Бұл – формалды емес, сапалы әрі әділ бағалауды қамтамасыз ету үшін қажет.

Сондай-ақ, келесі маңызды ұсыныстар айтылды:

  • қазақстандық қамту үлесін (ҚҚҮ) есептеу механизмін жергілікті шикізат пен техникалық процестерді ескере отырып қайта қарау;
  • кәсіпорынның өндірістік қуатын анықтау тәртібін әзірлеу;
  • отандық өндіруші мәртебесін алу үшін нақты критерийлер тізбесін бекітіп, балл бөлу жүйесін енгізу;
  • өнімдер мен өндірушілерді локализация деңгейіне қарай санаттау жүйесін енгізу.

Сонымен қатар, ҰКП өкілдері СЭҚ ТН және ЭҚТ ӨН кодтарын дұрыс беру фактісін салалық комиссия растайтын норманы ережеде бекітуді ұсынды. Себебі, бұл кодтар компаниялардың мемлекеттік сатып алулар мен қолдау шараларына қатысуына тікелей әсер етеді.

Министрліктің мәліметінше, жаңа ҚТӨ тізілімі биыл күзде іске қосылады. Қазіргі уақытта жүйе жүктемеге төзімділік бойынша сынақтан өтіп жатыр. Ал отандық бизнесті толғандырып отырған басты сұрақтар нақты жауабын күтіп отыр: кім және қандай негізде отандық өндіруші мәртебесін алады? Өндіріс барысы қалай бақыланады? Салалық және шағын кәсіпорындардың ерекшеліктері неге ескерілмеген? Бизнес үшін бұл жай ғана тізілім емес – отандық нарық пен мемлекеттік қолдауға кіру мәселесі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер