«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдың бойынан бизнес нысандарын орналастыру мәселесі талқыланды

2025 жылғы 29 Мамыр
- Түркістан облысы
395 просмотров

«Бизнеске жол» жобасы аясында Түркістан облысында кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылауға арналған кезекті отырыс өтті. Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бірқатар квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде – халықаралық және республикалық маңызы бар А-15 “Жизақ – Жетісай – Қызыласкер – Абай – Сарыағаш – Жібек жолы” автожолының бойынан, нақтырақ айтқанда Жібек жолы елді мекені аумағынан, жеңіл конструкциялы жол бойындағы сервис нысандарын орналастыру үшін жер телімін алу барысында туындаған қиындықтар қаралды.

Аталған бағытта жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлер Кәсіпкерлер палатасынан құқықтық көмек сұраған. ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті бұл бастамаға қарсы емес екенін жеткізгенімен, нақты шешім қабылдау үшін арнайы комиссия құрып, жергілікті жерде зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды.

Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені тиісті органдармен бірлесе отырып шешу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова бұл туралы былай деді:
«Аталған бастама – өңірлік кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды. Жол бойындағы сервис нысандары – жергілікті бизнесті жандандырып қана қоймай, туризм мен халыққа қызмет көрсету сапасын арттырады. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап, оң шешім табуға күш саламыз», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары мен өтініштері хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер