«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік кеңесте бизнес саласындағы жүйелі мәселелер мен алдағы салық өзгерістері талқыланды

2025 жылғы 13 Мамыр
- Астана қаласы
384 просмотров

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында елорда кәсіпкерлері қауымдастығының мүддесіне қатысты өзекті мәселелер қаралды. Негізгі назар құрылыс және жер қатынастары саласындағы түйткілдер мен Қазақстанның салық жүйесін реформалау мәселелеріне аударылды.

«Құрылыс және жер қатынастары» салалық кеңесінің төрағасы Вячеслав Лазарев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері кеңестің алты отырысы өткізілді. Кеңес құрамында құрылыс саласының түрлі сегменттерін қамтитын 82 кәсіпкер бар.

Кеңес отырыстары аясында саланың дамуына кедергі келтіретін жүйелі проблемаларды анықтау және жүйелеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Бүгінде кеңестің өзектендірілген тізілімінде 20 жүйелі мәселе тіркелген, олардың үшеуі мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдардың қолдауымен ішінара шешімін тапқан. Салалық кеңес жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жалғастырып, жер телімдерін беру процесін оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және құрылыс компаниялары үшін кедергілерді жою бойынша ұсыныстарды талқылауда.

Жаңа Салық кодексінің жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде Нұрлан Нұрмағамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап кәсіпкерлерді салық жүйесінде елеулі өзгерістер күтіп тұр. Жаңа кодекс жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілерінің жұмыс жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Біріншіден, қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеу шегі екі есе төмендетіліп, жылдық айналымы 80 млн теңгеден 40 млн теңгеге қысқарады. Бұл дегеніміз, шағын компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің көбі ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге мәжбүр болады немесе арнайы режимдерге көшуі тиіс.

Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Бұл жалпы режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салық жүктемесін арттырады. Бастапқыда Үкімет мөлшерлемені 20%-ға дейін көтеруді ұсынған болатын, алайда Мәжіліс пен Сенаттағы талқылаулар нәтижесінде 16%-дық мөлшерлеме мен 40 млн теңге шегі бойынша ымыралы шешім қабылданды. Бұған дейін шек 15 млн теңге болмақ еді.

Жағымды жаңалық ретінде, шағын бизнес үшін арнайы салық режимдерін қолдану мүмкіндігі сақталады, дегенмен бұл жүйелер де түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылады, сонымен қатар оңайлатылған салық салуға жаңа тәсілдер енгізіледі.

Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген Салық кодексі Мәжілісте мақұлданып, қазіргі уақытта Сенаттың қарауында. Құжаттың 2025 жылдың ортасына дейін қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер