«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңа вектор: мектепке дейінгі білім берудің жеке секторы ӨӨРҰ бірігуде

2025 жылғы 30 Сәуір
806 просмотров

Елордада Қазақстанның жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарының өзін-өзі реттейтін ұйымының (ӨӨРҰ) құрылтай съезі өтті. Іс-шараны «Атамекен» ҰКП мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Асыл ұрпақ» қауымдастығы өткізді.

Білім беру жүйесінде жеке секторды дамыту мемлекет деңгейінде білім беру қызметтерінің сапасын арттырудың басым құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру саласында ӨӨРҰ құру жөніндегі құрылтай съезі осы бағыттағы маңызды қадам болды. Жаңа құрылым жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдерін біріктіріп, бірыңғай кәсіптік стандарттарды қалыптастыруды және елде мектепке дейінгі білім берудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған өзін-өзі тиімді реттеу тетіктерін енгізуді қамтамасыз етеді.     

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, бейінді мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлік және сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Т. Нақыпбеков мектепке дейінгі білім беру саласында өзін-өзі реттейтін ұйым құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол «Атамекен» ҰКП ӨӨРҰ қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде өңірлік деңгейде де жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

«Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жүйесі мемлекеттік саясат пен қоғамдық даму басымдықтарының бірі болуы тиіс», - деді спикер.

ҚР ЮНИСЕФ білім және дағдылар бағдарламаларының жетекшісі Татьяна Адерихина мен ЮНЕСКО-ның Білім беру бағдарламасы бойынша ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева мектепке дейінгі кезең баланың қалыптасуындағы шешуші кезеңі екенін айтты. Сарапшылар бағдарламалар сапасын арттыру, педагогтерді кәсіби даярлау және барлық балалар үшін қолжетімді қолайлы білім беру ортасын құру арқылы мектепке дейінгі секторды дамытуға кешенді көзқарастың қажеттілігіне назар аударды.

Съезд қорытындысы бойынша ӨӨРҰ Президенті сайланды, алқалы басқару органы бекітіліп, тұжырымдама қабылданды. Сондай-ақ, бір ай ішінде жылдық іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылған жұмыс органдары құрылды.

Съезд ҚР барлық өңірінен сала өкілдерін барынша қамту мақсатында офлайн және онлайн қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, гибридті форматта өтті.

ӨӨРҰ құру Қазақстанның мектепке дейінгі білім беруді дамытудың жаңа кезеңін ашады. Съезд республиканың жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарын дамытудағы күш-жігерді шоғырландыру үшін маңызды алаңға айналып, келешектегі ӨӨРҰ қызметінің стратегиялық бағыттарын айқындады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер