«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП отандық өндірушілердің жаңа тізілімі жайында: Бизнестің пікірі ескерілмеді

2025 жылғы 14 Наурыз
1071 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы басқалармен қатар Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімін құруды көздейді.

ОТӨ анықтаудың қолданыстағы тетіктерін қайта қарау қажеттілігі туралы талқылауды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы соңғы екі жылда жүргізді. Реформалардың бастамашылары индустриялық даму саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Сонымен қатар, ҰКП сарапшыларының айтуынша көп жағдайда бизнестің ұстанымы ескерілмейді.

Ұсынылып отырған заң жобасының қазіргі жүйеден басты айырмашылығы – цифрлық тексеруді енгізу. Ұлттық палата бұл тәсілдерді қолдайды. Сонымен бірге оның дайындығы күмән тудырады.

«Қазіргі уақытта процестің өзі бизнеске көрсетілмеген, сонымен қатар кәсіпорын қандай критерийлер бойынша бағаланатыны да белгісіз. Цифрландыру идеясын қолдауға қарамастан, тек цифрлық тексеруді қолданатын «жалған өндірушілерді» толығымен жоққа шығару мүмкін емес», - дейді ҰКП Басқарушы директор – Тауардың шығу тегін сертификаттау департаментінің директоры Аман Малғаждаров.

Мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін кәсіпкерлік субъектісін Тізілімге енгізудің өзі тауар өндірушілерді жергілікті шикізатты локализациялау мен пайдалануды арттыруға ынталандыру үшін жеткіліксіз екенін түсіну маңызды. Уәкілетті органның оларды қалай ынталандыратыны белгісіз.

Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, жергiлiктi шикiзатты локализациялау және пайдалану деңгейi жоғары кәсiпорындарға мемлекеттiк қолдау шараларын алуда басымдылықты белгiлеу қажет.

Жалпы, «Атамекен» ҰКП жүйені жетілдіруді қолдайды, бірақ заң жобасы формальды түрде дайындалған, қазақстандық өндірушіні анықтаудың негізгі тәсілдері мен критерийлері пысықталған жоқ, бірқатар өзекті мәселелерді қамтитын реттелетін сатып алулардағы жаңа Тізілімді қолдануда және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде стратегиялық талдау жүргізілмеген.

Бизнеске ойынның анық және әділ ережелері қажет.

Ұлттық палата мемлекетішілік құн үлесін (МҚҮ) есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу арқылы Мемлекет басшысы белгілеген екі негізгі мақсатты біріктіруді ұсынады.

Бұл әдістеме технологиялық операцияларға және өнім өндіру үшін жергілікті шикізатты пайдалануға негізделетін болады.

Малғаждаровтың айтуынша, реттелетін сатып алуда кәсіпкерлердің мүмкіндіктері мен өндіріске инвестициялық салымын ескере отырып, олардың градациясына байланысты мәселе туындайды. «Атамекен» өндірушілерді (тауарларды) санаттауды енгізуді ұсынады. Тауарлардың санатына қарай отандық тауар өндіруші реттеліп көрсетілетін сатып алуларға қатысуға және реттелетін сатып алуда мемлекеттік қолдау шараларын және (немесе) преференцияларды алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл шара қажет, өйткені қазіргі уақытта өңдеу деңгейі мен қуаты әртүрлі өндірушілер реттелетін сатып алуда тең шарттарда бәсекелеседі. Нәтижесінде қуаттылығы мен технологиялық деңгейі төмен өндірушілер көбінесе демпинг арқылы тендерлерді жеңеді.

«Бүгінгі таңда санаттарға бөлу тәжірибесі енгізілмесе, реттелетін сатып алу мәселесі кәсіпкерлер арасында мәңгілік дау болып қала бермек. Мемлекет терең өңдеу деңгейі бар екі тауар өндірушіге де қолдау көрсетіп, әрі қарай дамуға дайын стартап-кәсіпорындарды ынталандыру мүмкіндігін беруі керектігін түсіну керек», - деді спикер.

Тауарларды санаттау жаңалық емес, бұл адал отандық тауар өндірушілерге әділ преференциялар беру үшін жүйелі инфрақұрылым құрудың қажеттілігі дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

 

Осы ретте, жалған кәсіпкерлер мен жалған өндірушілер арасында СТ-KZ сертификаттарының көптігі туралы Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтың мәлімдемесін атап өтеміз. Ұлттық палата бұл мәлімдемемен келіспейді. Бұл сұрақ бүгінгі күні «жалған өндіруші» кім екенін анықтауды талап етеді және бұл терминнің ресми заңды анықтамасы бар ма?

Бүгінде CT-KZ сертификатын беру кезінде әлеуетті өндірушіге қойылатын талаптар СИМ ережелерімен реттеледі. Олардың жетілмегендігін мойындау керек. Бұл жосықсыз кәсіпкерлер үшін бос орындар тудыруы мүмкін. Бірнеше жылдан бері «Атамекен» Ұлттық палатасы осы талаптарды жетілдіру және нақтылау бойынша ұсыныстар жолдағанымен олардың көпшілігі қарастырылмаған.

Айта кетейік, 2023 жылдың қараша айында СИМ ТРМК аумақтық департаменттері 20 Өңірлік кәсіпкерлер палатасында ауқымды жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Бас прокуратураның бастамасымен жүргізілген тексерулер 2020-2023 жылдар аралығында тауардың шығу тегі туралы сертификат берудің заңдылығына қатысты болды. Тексерулер аясында 39 146 СТ-KZ сертификаты мен 297 603 экспорттық сертификатқа талдау жасалды. 121 анықтамада бұзушылықтар анықталды, бұл берілген құжаттардың жалпы санынан 1%-дан аз. Алайда, бұл бұзушылықтар тек техникалық аспектілерге қатысты болды, мысалы, белгіленген мерзімге сәйкес келмеу, қолдардың болмауы немесе құжаттар пакетінің толық болмауы. Олар отандық өндірушінің мәртебесіне әсер еткен жоқ.

Бұл тұрғыда Өнеркәсіптік сертификатты атап өтуге болады. Оның айрықша ерекшелігі тауар өндіруге арналған өндірістік қуаттарды анықтай отырып, өндірістік мүмкіндіктерді растайтын сала мамандарының өндірісті бағалауы болып табылады.

Осы көзқарасқа сүйене отырып, Ұлттық палата өндірісті сараптамалық бағалау қазақстандық өнімді сертификаттау реформасының міндетті бөлігі болуы керек деп санайды.

Анықтама ретінде: Барлығы 2019-2024 жылдар аралығында Қазақстанда 69 367 СТ-KZ сертификаты және 1 528 өнеркәсіптік сертификат берілді. Өнеркәсіптік сертификат ұзарту мүмкіндігімен үш жылға жарамды, ал СТ-KZ тауардың әрбір партиясы немесе жаппай өндіріс үшін беріледі, бұл оның жоғары санын түсіндіреді. Бұл сертификат реттелетін сатып алуда тауардың шыққан жерін растау үшін қажет, ол жеткізу жиілігіне байланысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер