«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік кәсіпкерлерге экономикалық-әлеуметтік бағдарламалар туралы түсіндірілді

2025 жылғы 05 Наурыз
- Шымкент қаласы
900 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, кәсіпкерлер қатысты.

Жиында бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар таныстырылып, мәліметтер берілді.

«Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы саласы 2024 жылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жалпы егіс көлемі 26,5 мың гектарды құрап, 86,1 мың тонна өнім жиналды. Мал шаруашылығы бойынша 1571 тонна ет, 29,3 мың тонна сүт, 175 млн. дана жұмыртқа алынды. Жалпы қаламызда 6651 ауыл шаруашылығы қожалығы, 583 заңды тұлға мен 248 жеке кәсіпкер белсенді жұмыс істеуде. Осы саланы дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқаратын жоспарлар көп», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Жиынға қатысушыларға «Ауыл» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтылды.

«Солтүстік Қазақстан өңірінде «Қаз хабы» жобасын іске қостық. Тұрғындарға қаз балапандары мен жемді тегін бердік. Тұрғындарға қаз өсірудің технологиясын үйретіп, табыстарын арттыруды көздейміз. Мұндағы мақсатымыз – «Бір ауыл – бір бизнес» қағидасымен халықты жұмыспен қамту. Сонымен қоса студенттік жастар жасақтары, уақ малды жасанды ұрықтандыру, құрама жем шығару, құс өсіру сияқты жобалар да сәтті жүзеге асырылуда», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов.

Жиын барысында экономикалық-әлеуметтік бағдарламалар туралы арнайы видеороликтер көрсетілді. Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер