«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан–Норвегия бизнес-конференциясы: сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту

2025 жылғы 29 Қаңтар
1421 просмотров

2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан–Норвегия онлайн бизнес-конференциясы өтті. Бұл шараны Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің және Қазақстан Сыртқы сауда палатасының қолдауымен ұйымдастырды. Конференцияға екі елдің іскерлік топтарының, дипломатиялық және үкіметтік құрылымдарының өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияға Қазақстан Республикасының Норвегиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Тұрсынов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің ішкі және сыртқы инвестицияларды талдау бөлімінің жетекшісі Гаухар Қызатолла, сондай-ақ QazTrade және KazakhInvest өкілдері қатысты.

Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов өз сөзінде 2024 жылдың желтоқсанында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылғанын атап өтіп, бұл қадамның Қазақстан мен Норвегия бизнес-қоғамдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытудағы маңыздылығын ерекше белгіледі.

«Біздің ынтымақтастығымыз 33 жылдан бері жалғасып келеді және осы уақыт ішінде біз экономикалық серіктестікті одан әрі дамыту үшін мықты негіз қалап үлгердік», — деді ол.

Қарымсақовтың айтуынша, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, жасыл технологиялар, ауылшаруашылық техникасын өндіру және қалалық инфрақұрылымды дамыту салаларын қамтиды. Ол 2024 жылдың 11 ай ішінде Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 118,5 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға өскенін атап өтті.

«Біздің Норвегияға экспортымыз бидайды, құрылыс материалдарын және жабдықтарды қамтиды, ал біз негізінен мұздатылған балық, медициналық құралдар және құйма өнімдерді импорттаймыз», — деді ол.

Мұрат Қарымсақов Қазақстанда 2025 жылғы 1 ақпанда іске қосылатын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа туралы айтып берді.

«Бұл құрал мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етеді, инвестициялау процесін жеделдетеді және компаниялардың серіктестерді жылдам әрі тиімді табуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта платформада жалпы сомасы 77 млрд АҚШ долларын құрайтын жобалар мен ұсыныстар орналастырылған», — деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тартуда «ашық есік» саясатын ұстанатынын және бизнес жүргізу шарттарын жақсарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Біз инвесторларды жеке сүйемелдеуге, жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге және бизнес-форумдар мен B2B кездесулер ұйымдастыруға дайынбыз», — деп толықтырды ол.

Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов конференцияны ұйымдастырғаны үшін Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

«Соңғы 10 жылда Қазақстан индустрияландыру, цифрландыру, білім беру және денсаулық сақтау салаларында елеулі жетістіктерге жетті. Біз заманауи технологияларды енгізіп, бизнес пен инвестицияларға қолайлы жағдай жасап, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған реформалар жүргізудеміз», — деді елші.

Ол Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын және бұл бағытта Норвегиямен жасыл энергия мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты ерекше атап өтті.

«Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы елдеріміздің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы диалог орнатуда, сауда миссияларын ұйымдастыруда және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау барысында маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Тұрсынов.

Конференция қорытындысы бойынша тараптар сауда, инвестициялар және технологиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Ерекше назар жасыл технологияларды дамытуға және тұрақты бизнеске аударылды. Қатысушылар жаңа Іскерлік кеңес аясында тұрақты кездесулер өткізуге дайын екендіктерін білдіріп, тікелей инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер