«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Антикор» мен «Атамекен» шығыстағы бизнеспен кездесу өткізді

2023 жылғы 16 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
8348 просмотров

 Жұмыс сапары аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және «Атамекен» ҰКП өкілдері Шығыс Қазақстан облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті. Кәсіпкерлер өздерінің түйткілді мәселелерін айтып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар енгізді.

 15 қыркүйекте Шығыс Қазақстанға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, төрағаның орынбасары Дмитрий Малахов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Башимов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өсеміров жұмыс сапарымен келді. Күннің бірінші жартысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментінің қатысуымен «Антикор» жанындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Күннің екінші жартысында Дмитрий Малахов пен Ербол Өстеміров Шығыс Қазақстан облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті.

ШҚО қалалары мен аудандарының кәсіпкерлері Өскеменде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ алаңында жиналды. Отырыстың модераторы ШҚО бизнес-омбудсменінің өкілі, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева болды.

«Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғау бойынша шаралар қабылдап жатыр. Осы мақсатта елімізде «Бизнеске жол» жобасы жүйелі және кешенді жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – бизнестің өзекті мәселелерін тыңдау, шешу жолдарын қарастыру және талқылау. Сондықтан барлығын ашық диалогта белсенді болуға шақырамын!» –  деді Әлия Мұқашева.

Дмитрий Малахов ағымдағы жылдың басынан бері «Антикор» кәсіпкерлермен мыңнан астам кездесу өткізгенін атап өтті.

 «Біз салалық одақтар, қауымдастықтармен кездестік. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша біз бизнес үшін, әсіресе сыбайлас жемқорлықпен байланысты өзекті мәселелердің шеңберін анықтадық. Нәтижесінде осы жылдың басында «Атамекенмен» бірлескен жоба басталды. Оны біз «Бизнеске жол» деп атадық. Бүгінгі таңда Ұлттық палатамен бірлесіп 500-ден астам нақты кейсті шешіп, 24 мыңнан астам кәсіпкерге көмек көрсетілді», – деді Дмитрий Малахов.

 «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ұлттық палата мен «Антикор» арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігі мен маңызын айтты.

 «Біз бірнеше жыл бойы Антикормен тығыз байланыстамыз. Бизнес-қоғамдастық, Ұлттық палата атынан «Антикор» көрсетіп жатқан көмек үшін алғыс білдіргім келеді. Біз көптеген жақсы жұмыс атқардық, көптеген аналитикалық және әлеуметтанулық зерттеу жүргіздік. Қазір бірнеше минут ішінде сатып алу саласындағы бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін «Сатып алудың бірыңғай терезесі» бағдарламасын құрудың бастауында тұрдық. Қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП-ның негізгі серіктесі қатарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барын атап өткім келеді», – деп атап өтті Ербол Өстеміров.

Кездесу еркін диалог форматында жалғасты. Кездесуге қатысушылар – кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері спикерлерге сұрақтарын қойды. Олар жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану, экология, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызметтерді алу, сауда саласындағы бизнестің өз сатушыларының әрекеттері үшін жауапкершілігі сынды салаларға қатысты болды.

Барлық айтылған мәселелер «Антикор» және «Атамекен» өкілдерінің бақылауына алынды, ал кездесу модераторы кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерді кез келген түйткілді мәселелермен Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінуге шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер