«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда коронавирусқа қарсы вакциналауды коммуналдық кәсіпорындар қолға алды

2021 жылғы 15 Шілде
- Атырау облысы
11851 просмотров

Қазіргі кезде «Спецавтобаза» ЖШС ұжымы толық дерлік вакцина салдырды, ұжымдағы қызметкер саны 500 адамнан асады.

«Спецавтобаза» ЖШС қала көшелері және мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық орындардың аумақтарын санитарлық тазалау бойынша қызмет көрсетеді, сондай-ақ қатты-тұрмыстық қалдықтар, ірі көлемді және құрылыс материалдарын қалалық қоқыс полигонына шығарумен айналысады. Күн сайын кәсіпорын қызметкерлері халықпен тікелей байланыста болады, сондықтан ұжым денсаулығының және айналадағы адамдар саламаттылығының қауіпсіздігі өте маңызды.

 «Клиенттерге сапалы қызмет көрсету қызметкерлеріміздің денсаулығына тікелей байланысты, сондықтан вакциналау – аса маңызды шара. Өкінішке қарай, Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймаққа енді, ауру жұқтыру көрсеткіштері күн санап артып келеді. Бүгінде COVID-19-бен күресуде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажеттілігі туралы мәселе өзекті және осы міндетті шешудің жалғыз тиімді әдісі – вакциналау», – деп атап өтті «Спецавтобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.

 Қызметкерлердің ыңғайына қарай №4 қалалық емханадан екпе салудың көшпелі бригадалары жасақталды. Вакцина салдыру алдында дәрігерлер кеңес беріп, пациенттерді қарайды. Жекелей сауалнама жүргізіледі. Сонымен қатар ұйым қызметкерлері тұрғылықты мекенжай бойынша вакцина салдыра алады.

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 1 ақпаны мен 14 шілдесі аралығында Атырау облысында барлығы 123 912 адам «Спутник V», «QAZVAC» және «Hayat-Vax» вакциналарының I компонентін салдырған. Вакциналардың II компонентін 63 946 адам салдырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер