«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата мен Қаржы мониторингі агенттігі көлеңкелі бизнеспен күресте келісімге қол қойды

2021 жылғы 16 Маусым
10471 просмотров

Көлеңкелі экономика көбіне салық, сатып алу саласында кездеседі. Сондықтан Қаржы мониторингі агенттігі тарапынан кәсіпкерлердің өтінішіне шұғыл жауап қайтарылса, Палата көлеңкелі экономикаға қарсы күресте бірлескен  шараларды әзірлеуге дайын. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты.

Бүгін «Атамекен» ҰКП, Қаржы мониторингі агенттігі және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту мен институционалдық негізді қалыптастыру жөніндегі бірлескен және келісілген іс-қимылдар атқаруға келісті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов көлеңкелі экономика көбіне салық, сатып алу саласында кездесетінін айтып, бұл бағыттарда жүйелі жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Ол «қарапайым әкімшілендірумен бірге түсінікті және ашық механизмдер жасалса, бизнестен қарсы міндеттемелерді талап етуге» болатынын жеткізді.

«Бүгін ынтымақтастық туралы келісім мен жол картасына қол қойып отырмыз. Мұндай өзара іс-қимыл мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты одан әрі дамытудың маңызды факторларының бірі болады. Агенттік тарапынан кәсіпкерлердің өтінішіне шұғыл жауап қайтарылады деген үміттеміз. Ал бизнес-қоғамдастық көлеңкелі экономикаға қарсы күрес және іскерлік мәдениет пен жауапкершілікті арттыру бойынша шараларды әзірлеуде жан-жақты жәрдемдесуге әзір», - деді басқарма төрағасы.

Адал кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Ұлттық палата Агенттікпен бірлесіп, «Адал бизнес-серіктестердің тізілімі» жобасын іске асырып жатыр. Оның көмегімен әлеуетті тәуекелді компаниялар анықталады.

Кездесуде Агенттік төрағасы Жанат Элиманов сотқа дейінгі тергеу процесін цифрландыруды, «Атамекен» ҰКП қолдауымен «Смарт-аналитика» құруды ұсынды. Бұл «онлайн» режимде іздеуді және тергеу нәтижелерін болжауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Біз үшін бизнесті қорғау басты басымдық екенін атап өткім келеді. Бір жағынан, экономикалық тергеу қызметі күн сайын бизнеспен бетпе-бет келеді. Кез келген қылмыстық іс бизнес мүддесіне қатысты болып келеді. Соңғы екі-үш жылда біз негізінен көлеңкелі экономика саласындағы қылмысты анықтауға басымдық бердік. Біздің құрылымда қазір тіркеліп жатқан қылмыстардың 80-90 пайызы аграрлық сала, алкоголь және басқа өнімдерді заңсыз шығаратын, контрабанда, тау бизнесінде кездеседі», – деді Агенттік төрағасы Жанат Элиманов.

Агенттік төрағасы жалпы экономика саласындағы қылмысты тіркеуде жаңа тәсілдер шығарылып, оның арқасында бүгінде қылмысты тіркеу 6 есе азайғанын және «Атамекеннің» бизнес серіктес идеясын толық қолдайтынын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Агенттіктің миссиясы, ең алдымен, адал кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталатынын атап, көлеңкелі экономикамен күресте цифрландырудың маңызына тоқталды.

«Таза парақтан бастау – біз жүзеге асыруға тиіс және қазір іске асыратын бірегей мүмкіндік. Бүгін біз цифрландыру туралы көп айттық, Ұлттық палатаның «сатып алудың бірыңғай терезесі» деп аталатын жобасы бар. Өткен айдың нәтижесін айтсақ, қазір 1 миллион 420 мыңнан астам келісімшарт бар. Олардың жалпы сомасы 6,5 триллион теңгені құрайды. Және бұл шын мәнінде маңызды деректер. Бұл бағытта жұмысты жалғастыру керек», - деді Рустам Жүрсінов.

Қол қойылған Келісім аясында өңірлік деңгейдегі ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Агенттіктің аумақтық бөлімшелері ҰКП-ның өңірлердегі өкілдіктерімен тікелей жұмыс істейді және басшылар ай сайын кездесіп, мәселелерді талқылайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер