Маңғыстаулық кәсіпкерлерге алдағы екі айда 300 млн теңге қаражат беріледі
Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергенов мәлімдеді.
Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының тікелей араласуыменен бірқатар шаралар жүзеге асты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізілген келіссөздердің көмегімен 41 сауда нысаны 6400-ден астам кәсіпкерді толықтай жалға беру төлемдерінен босатты, кейбірі төлемнің 50-80% мөлшерінде жеңілдіктер жасады. Қарқынды жұмыстар коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша да жүргізілді. «КЖСА» коммуналдық мекемесі 18 бизнес нысанына төлемді кейінге қалдыруға рұқсат берді.
«Бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несиелерді алу бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 82,5 млрд.теңгені құрайтын 92 жоба қатысуда. Соның ішінде 64,5 млрд.теңге көлемінде 80 жоба мақұлданды. «Қарапайым заттар экономикасы» Бағдарламасы аясында қайта өңдеу өнеркәсібіндегі, ауыл шаруашылық, қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер айналым қаражатын толықтыруға және инвестиция тартуға екінші деңгейлі банктер арқылы 6%-бен жеңідетілген несие алады», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры.
Оның мәлімдеуінше, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Атамекен» Микроқаржылық ұйымымен мемлекеттік қордан қаражат тарту арқылы 2016-2020ж.ж. аралығында жалпы сомасы 2,2 млрд.теңгені құрайтын 413 шағын несие беріліп, 727 жаңа жұмыс орындары ашылды. Карантин кезінде 65 кәсіпкердің несиесі шегеріліп, іскерлерге 70 млн тг несие берілді. Алдағы екі айда 300 млн тг қаражат беру жоспарланып отыр.
«Биылғы жылдың қаңтар айынан бүгінге дейін Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерден 127 өтініш келіп түсті. Оның басым көпшілігі кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жер мәселелері, әкімшілік кедергілер және қоғамдық мониторинг туралы болып келеді. Ал, елімізге енгізілген төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер палатасының жедел штабына 463 өтініш қабылданды. Негізінен ғимараттарды жалдау ақысын төмендету, несие төлеуді кейінге қалдыру, әлеуметтік көмек алу, карантин кезіндегі қызмет түріне рұқсат сұрау т.б.,- дейді Ербол Ізбергенов.
Аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, «Халыққа қажетті қорғаныс құралдарының бірі ретінде бетперде тігу мәселесі туындаған болатын. Кәсіпкерлердің бетперде тігу өндірісіне қажетті құжаттары болмағандықтан, мекемелерден тапсырыс алу қиынға соқты.
Кәсіпкерлер палатасы бетперделерді тігу өндірісін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. «Жанарыс», «Жамал-ай» тігін фабрикалары «СТ-КЗ» сертификаттарымен бұрын-соңды болмаған бетперде өндіруді қолға алды. Бұл сертификат мекемелердің сатып алуларына қатысуға және тапсырыс алуға, жергілікті дәріханаларға өткізуге мүмкіндік берді. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында антисептик өндірісін ашу бойынша арнайы сертификат алуға қолдау көрсетті».
Еліміздегі іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында ағымдағы жылдың 11 маусымында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің қатысуымен Қазақстанның барлық аймақтарының бизнес өкілдерімен селекторлық кеңес өтті. Кәсіпкерлер өңдеу, тамақ өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда және т. б. салалардағы бизнестің өзекті мәселелерін көтерді.
Бизнестің субсидия алу, жеңілдетілген кредит беру және ағымдағы қарыздарды қайта құрылымдау, несиелер мен салықтар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мәселелері бойынша ұсыныстар қаралды.
Маңғыстау облысынан мынадай ұсыныстар айтылды:
- Еңбекақы төлеу қоры бойынша Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына сәйкес ойын-сауық орталықтарына және балаларға арналған қосымша үйірмелерге салық жеңілдіктерін алу.
- Мемлекет есебінен 42500 теңге жәрдемақы төлеу мәселесін, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау үшін жалақыны субсидиялау мүмкіндігін қарастыру;
- Қолданыстағы несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды тағы бір тоқсанға ұзарту мәселесін қарастыру мәселелері ұсынылды.
Өткізілген кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі тиісті Министрліктер мен облыс әкімдіктеріне бизнестің өзекті мәселелерін қарау және оларды шешу бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі мәселелерін Мемлекеттік комиссияның қарауына шығару жөнінде тапсырмалар берді.
«Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен өңірде карантин шаралары сақталуда. Коронавирус инфекциясының таралу жағдайына байланысты барлық сауда орындарында, кәсіпкерлік нысандары мен қоғамдық орындарда сақтық шараларын, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын», – деп сөзін қорытты өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Күреңбайұлы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: