«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сүйікті кәсіп жеңіске жеткізді

2018 жылғы 01 Тамыз
- Павлодар облысы
8111 просмотров

Павлодар облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы жеңімпаздарының бірі  – «Altyn Design» ЖШС

 Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алтын Әтеева батик шебері. Шебер әйел орамал, палантин, киім-кешек, тұрмысқа арналған заттар, перделер, панно, картиналар тігумен айналысады. Өз кәсібінде Алтын Әтеева ұлттық қолөнерге де ден қойған – бұл ұлттық  текемет, тұскиіздер, сырмақтар басып, ескі дістүрді жандандырып отыр.

Кәсіпкер әйелдің әр туындысы қайталанбайды деп сеніммен айтуға болады. Әр ою, бедерленген өрнек бірегей, осылайша көрмеге қойылған заттар көпшіліктің назарын баурады. Мұнда көненің кескіні заманауи стильмен өріліп, тамаша үйлесім тапқан, биік талғам, көркемдік, туған жерге деген сүйіспеншілік әр бұйымнан байқалады.

«Altyn Design»  ЖШС «Халыққа арналған үздік тауар» аталымында жеңімпаздардың бірі болды. Шебердің өзі мұндай байқауға тұңғыш рет қатысып отырғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай байқаулар бизнес бастауда тиімді, мұнда тәжірибе алмасып, өнімді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік бар.

«Мен – бастауыш кәсіпкермін.  Сапа байқауына бірінші рет қатыстым. Байқау өте қызықты, ауқымды, отандық өнімнің сан алуан түрін көрдім, өндірушілермен таныстым. Енді республикалық деңгейге дайындаламын», – деді шебер.

 Алтын Әтеева – тәжірибесі мол көркем суретші. Ол Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын декоративті өнер мен дизайн мамандығы бойынша тәмамдаған, ҚР және Оңтүстік Қазақстан шеберлері одағаның мүшесі болып табылады. Шебердің қоржынында: «Жібек жолы», «Бір шаңырақ астында», «Абай туындылары желісімен», «Шығыс ханшайымы», «Шығыс патшасы», «Ғасырлар үні» сынды туындылары бар.

Алтынның шеберлігінің жоғары деңгейі мен таланты халықаралық байқаулар мен көрмелерде танылды, жүлделер де аз емес. 2017 жылы суретші қыз мемлекетімізді Біріккен Араб әмірлігінде таныстырып, ЭКСПО-да бір облысты бастап келді. Алтынның айтуынша Біріккен Араб әмірлігінде өткен көрмеде оның жұмыстарына үлкен қызығушылық болған. Арабтар әр бұйымның шынымен қолдан жасалғанына таңданды, олар қыздың сурет салуда, киіз басудағы нәзік техникасына тамсанды.

«Негізнде батикпен жұмыс істеу техникасы жаңа бағыт емес. Батик өнері Азияның Оңтүстік-шығыс аймағында бастау алған. Қазіргі таңда осы өнер бағыты қарқын алып келеді. Батикке мен академияда оқып жүргенімде  қызықтым. Біз көп бағытты игердік, алайда осы батик маған қатты әсер етті. Маталарға сурет салу қатты ұнап, осы саланы тереңдете зерттей бастадым. Малайзияға арнайы барып, батик бойынша оқып келдім», – деді Алтын Әтеева.

 Шебер қыз жұмыста табиғи қытай жібегін қолданатынын айтты. Алтынның айтуынша осын мата ғана суреттің нақышын, тереңдігін беріп, түстердің қанықтығын сақтай алады екен.

 «Өз кәсібімді ары қарай жетілдіре бермекпін, ассортиментті ұлғайтуды көздеп отырмын. Өңірлік көрме-байқауда жеңіске жетуім жуырда көп мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Алтын Әтеева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер