«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алтын сапа: Басты назарда – өнім сапасы

2016 жылғы 14 Маусым
- Маңғыстау облысы
7293 просмотров

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының тағайындалғанына 10 жыл толады

Осы сыйлықпен және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жүлдесімен атап өтілген маңғыстаулық кәсіпорындардың табыстары жайында Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің бастығы Гүлжан Шаймерденова айтып берді.

– Гүлжан Әлиқызы, «Алтын сапа» сыйлығы не үшін беріледі және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жеңімпаздары қандай критерийлер бойынша анықталады? Қазақстанның үздік кәсіпорындары өңірлер бойынша қалай іріктеледі?

– Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын конкурстық негізде ұйымдардың өнімдер және (немесе) қызметтер сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені үшін, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ ұйымның сапаны басқаруда жоғары тиімді әдістерді енгізгені үшін беріледі. 2015 жылдан бері «Алтын сапа» сыйлығы конкурсының және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің ұйымдастырушысы міндетін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы өңірлік палаталар  атқаруда.

Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде, ол биылғы жылы 1 шілдеге дейін өтеді, өңірлік кәсіпкерлер палаталары конкурсқа қатысушылардан өтініштер жинауды ұйымдастырады. Содан кейін өңірлік сарапшылық комиссиялар конкурстың іріктеу критерийлеріне сәйкес келмейтін өтініштерді електен өткізеді. Іріктеп алынған өтініштер Ұлттық палатаға конкурстың финалдық кезеңіне қатысу үшін жолданады.

– Әлеуетті қатысушылардың конкурс шарттарымен, іріктеу критерийлерімен танысуы алдын ала жүргізіле ме?

– Иә, және де бұл жай ғана танысу емес, тұтас бір оқу семинары. Мұндай семинарды біздің өңірлік палата 22 маусымға жоспарлаған. Ол үшін Ақтауға Астанадан арнайы Ұлттық палатаның өкілі келеді, ол семинар  өткізіп, конкурсқа қатысты бүкіл сұрақтарға жауап береді. Осы сәтті пайдаланып, маңғыстаулық кәсіпорындардың өкілдерін шараға қатысуға шақырамын. Қатысуға байланысты сұрақтар бойынша мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 (7292) 30-38-61 и 30-41-17.

– Өткен жылдардағы конкурстарға қатысқан Маңғыстаудың кәсіпорындары қандай табыстарға жетті? Ондай кәсіпорындар бар ма?

– Әлбетте, республикалық деңгейде танылған маңғыстаулық кәсіпорындар бар. Айталық, 2012 жылы «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымы бойынша «ҚазАзот» ЖШС (Актау қ.) IV дәрежелі дипломға ие болды. 2013 жылы осы конкурстың «Үздік өндірістік тауарлар» аталымында «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС ІІІ дәрежелі дипломант атанды. 2014 жылы «Алтын сапа» конкурсы бойынша қызметтер көрсететін орта кәсіпкерлік субъектілері арасында үздік кәсіпорын болып «Ақ Бидай-Терминал» (Бейнеу ауданы) танылды. Және де, өткен жылы, тағы да сол «Алтын сапа» конкурсы бойынша, қызмет көрсететін үздік кәсіпорын ретінде ақтаулық «СФ «Ынта» ЖШС атап өтілді. Көріп тұрғаныңыздай, біздің кәсіпорындар төрт жыл қатарынан Қазақстанның бизнес-элитасынан тыс қалмай келеді. Сол себепті осы жылы маңғыстаулық кәсіпорындар тағы да биіктен көрінеді деп сенемін. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер