«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытай инвесторларын ұзақ мерзімді жобалар қызықтыруда

2016 жылғы 29 Сәуір
11031 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында IV халықаралық инвестициялық форумының жалғасы ретінде В2В кездесулер өтті

Нұра ауданында майлы дақылдарға арналған жерлер жыртылып, суғаруға арналған құрал-жабдықтар орнатылып қойған, бір аптадан кейін онда егістік жұмысы басталады. Бұл өңірге мамыр айында Қытай Халық Республикасының министрліктерінен өкілдер келіп, аудандағы май шығаратын және қалдық өнімдерді өңдейтін екі зауыттың құрылысы жөнінде келісімдер жасалады. Соның нәтижесінде Сиань қаласының тұрғындары жақын болашақта қарағандылық күнбағыс майын тұтына бастайды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшы-талдаушысы Жанаргүл Құлмағамбетованың айтуынша, экспортқа шығарылатын күнбағыс майының өндірісі жөніндегі жобаны жүзеге асыруға екі жылдай уақыт кетіпті.

«Қытай инвесторлары бизнес мәселесіне келгенде ерекше ұқыптылығымен ерекшеленеді әрі істің табыстылығына күмән келтірмеуі үшін әріптестерімен барлық ұсақ-түйекке дейін келісіп алуға бейім. Олар ұзақ мерзімді келісімдерді көздейді, сондықтан, барлық мәселені зерттеп алмайынша нақты шешім қабылдауға асықпайды», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол, егер біздің кәсіпкерлер әлемдегі ең ірі нарықты жаулап алғылары келсе, қытайлардың осындай ерекшелігіне дайын болуы қажеттігін айтты.

Қытай инвесторларының Қарағанды өңірін мұқият зерттеп жүргендеріне бір жыл ғана болған жоқ. Оларды өнеркәсіптік және инновациялық жобалардан бастап, халық тұтынатын тауар өндірісіне дейінгі барлық салалар қызықтыруда. Бұл жолы Қарағандыға өнеркәсіппен және машина жасаумен айналысатын кәсіпкерлер келгенімен, өңірлік палатада келісімге келу процессі барысында олар агроөнеркәсіптік жобаларға да ден қойды. Негізінен, инвесторлар қаз өсірумен айналысатын «Возрождение» ЖШС базасында суда жүзетін құстарға арналған орталық жасауға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, олардың назарына Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауытының модульді байыту кешендері және техногенді минералды түзілімдерді қайта өңдеу өндірістеріне қатысты жобалар ілікті. Келіссөздерден кейін инвесторлардың екі тобы осы кәсіпорындарға ат басын бұрды.

«SAN Symbat» сауда маркасының иесі Сымбат Елікбаева әйелдерге арналған дизайнерлік сөмкелер коллекциясын таныстырып, нәтижесінде Шанхай қаласында өтетін жеңіл өнеркәсіп көрмесіне шақырту алды.

Кездесу қорытындысы бойынша, «Silk road city» кәсіпорнының өкілдері порталдарына орналастыруүшін қарағандылық кәсіпкерлердің жобаларын қабылдады. Он жеті жоба сайтқа «Инвестор іздеу» бағыты бойынша жарияланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер