«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі келтіретін сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесі қаншалықты қажет?

2019 жылғы 06 Ақпан
- Қызылорда облысы
7301 просмотров

Бұл мәселе Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қаралды.

Мәселенің қаралуына кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтардан түскен шағымдар себеп болды. Палата заңгерлері кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі келтіретін мәселелерге, қызметтерге талдау жасау барысында қала әкімдігі жанындағы Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінің қызметіне де сараптама жүргізген болатын. Нәтижесімен аталмыш техникалық кеңестің қызметі Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарылды.

«Бұл техникалық кеңес 2018 жылдың 7 желтоқсанында құрылған. Бұрын облыс, қала, аудан әкімдіктерінде сәулет-қалақұрылысы кеңестері жұмыс жасаған болатын. Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингінде еліміздің көрсеткішін жақсарту, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін кедергі келтіретін шараларды азайту мақсатында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында аталмыш кеңестердің барлығы қызметін тоқтатты. Алайда облыс бойынша бүгінде тек Қызылорда қаласында ғана осындай Сәулет және қалақұрылысы техникалық кеңесі жұмыс жасауда», - деді Кеңес отырысында Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Салават Құлмахан.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мүшелерінің «Техникалық кеңес неге құрылды, неге әлі күнге жұмыс жасап тұр?», - деген сауалына қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов «Облыс әкімінің қаулысымен бекітілген регламент аясында», - деп жауап берді.

Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері мәселенің бұл жағын да зерттепті. Қалалық бөлім кеңесті құру барысында бұл қаулыны басшылыққа алмапты. Түсінікті болуы үшін қандай құжат аясында құрғанын да көрсетіп өтейік. Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесін құру   - «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңына және «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы»  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығына негізделген. Алайда, бұл нормативтік актілерде эскиздік жобаны сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінде қарау және кеңесті құру туралы көрсетілмеген.

Мұны бір деңіз. Екіншіден, бөлім басшысы сілтеме жасап отырған қаулы бойынша да құруға негіз жоқ екен. Себебі нормативтік-құқықтық актілердің иерархиясында стандарт регламенттен жоғары тұрады. Ал мемлекеттік қызмет көрсету стандартында архитектуралық эскиздік жоба арнайы кеңесте қаралады деп көрсетілмеген. Мемлекеттік қызметке жататындықтан сәулет және қала құрылысы бөлімі түскен өтінішке сәйкес талапқа сай келеді немесе келмейді деп шешім қабылдауы керек. Сондықтан да қалалық бөлім басшысы сілтеме жасап отырған облыс әкімінің қаулысы кеңес жұмысына негіз бола алмайды екен.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде облыстық прокуратура өкілі Руслан Жақсылықов облыстық прокуратура тарапынан техникалық кеңес қызметінің заңдылығына құқықтық баға берілетіндігін жеткізді. Мұнан өзге, кеңес мүшелері отырыс қорытындысымен қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімімен көрсетіліп келген эскиздік жобаға рұқсат беру қызметінің сапасына қатысты баға беру үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментіне, сондай-ақ техникалық кеңестің кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергі келтіріп отырғандығын баяндау үшін облыс әкіміне арнайы хат жолдау жөнінде шешім қабылдады. Шешімнің орындалу барысы кеңестің келесі отырысында қаралатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер