«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Көлеңкелі» жалақыдан бас тарт! Еңбек шартын жаса!

2018 жылғы 10 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
3831 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында «Еңбек шартын жасайық!» атты басқосу өтті. Оған кәсіпкерлер палатасы, кәсіподақ орталығы мен еңбек басқармасының өкілдері қатысты.

Қазіргі қоғамда еңбек қатынастарын заңдастыру маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, бірнеше компаниялар, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда салалары мен мейрамхана бизнесі қызметкерлерімен өзара қарым-қатынасты ресми түрде жасайды. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Кейбір жұмысшылар «бейресми» еңбек етуге де мәжбүр. «Бейресми» жұмыс істейтін азаматтар әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы заңда көзделген кепілдіктерден айырылады.  Ипотекалық пәтер сатып алу кезінде, еңбекке уақытша жарамсыздық жәрдемақысын төлету, банк несиесі, салық шегерілген жағдайда толық көмек алуға шектеу пайда болады.  Сондықтан да еңбек қатынастарын заңдастыру өзінің әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы. Болашақта лайықты зейнеткерлікке шығудың да кепілі осы.  

Маңғыстау облысының еңбек басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Дүйсеновтің айтуынша, жұмысшы өзі жұмысқа орналасатын мекеменің толық заңды атауы, атқаратын қызметі, жалақы көлемі көрсетілген еңбек келісімшартының жасақталуын талап етуі тиіс. Кейде арызданушылар қандай кәсіпорында жұмыс істегенін, заңды атауын өздері білмей жатады.Жұмысқа алмай қалады деген қорқынышпен азаматтар кез-келген жағдайға көне беретіні бар. Ал, еңбек келісімшартынсыз жұмысқа қабылдаған мекемеге әкімшілік шара қолданылатынын ескертеміз. 150 АЕК, яғни 360 мың тг айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 200 АЕК, 400 мың тг айыппұл қарастырылады.

«Кәмелет жасына толған әрбір Қазақстан азаматына Еңбек туралы заңды оқытып, сауатын ашуымыз керек. Сонда ауырып, жұмыс орнында жарақат алса, жалақысы төленбесе, солқылдақтық танытқан кәсіпорындардан өз құқығын талап ететін жағдайға жетеді. Мәлімет бойынша, облыста бастауыш ұйым-640, 35 жергілікті кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Осы арқылы жұмысшылардың құқықтық-әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуге болады», – дейді Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Қайрат Жаңабек.

Көптеген компаниялар жұмысшымен құжаттың екі түрін: еңбек келісімшарты мен азаматтық-құқықтық келісім жасасады. Бұл екеуінің құқықтық дәрежесі жер мен көктей.

Қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін азаматтық-құқықтық шарттардың жасалуына жол берілмейді. Мұндай жағдайды сот шешімімен реттеген дұрыс.

  Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы адами капиталдарды дамыту бөлімінің басшысы Гүлжан Қаламғали:

«Қазір шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында бейресми жұмыспен қамту арқылы «көлеңкелі» жалақыларды қолма-қол санап беру үрдісі жоқ емес. Салықтан жалтару үшін еңбекақыны толықтай не ішінара есептік құжаттардан жасырып төлейді. Мұның салдарынан азаматтардың конституциялық құқығы бұзылып, сақтандыру төлемдері, зейнетақы қорларына аударылатын қаражат та аз төленеді. Бұл болашақта зейнетақының көлеміне де әсер етеді деген сөз».

 «Көлеңкелі» жалақының жалдамалы қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз етпейтінін жұмысшылардың өздері де түсінуі тиіс.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер