«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бөлшек сауда салығын төмендету: Іле ауданы кәсіпкерлерінің мәселесі

2024 жылғы 20 Қараша
- Алматы облысы
531 просмотров

Алматы облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Іле өңірінің бизнес қауымдастығымен өткен көшпелі жұмыс кездесуінде жергілікті кәсіпкерлердің бірқатар өткір мәселелері қаралды. Биыл екінші рет өткізіліп отырған (бірінші ақпан айында өткен) жиын Өтеген батыр ауылында өтіп, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және БАҚ өкілдерінің басын қосты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы арнайы салық режимін, атап айтқанда, бөлшек сауда салығын төмендету болды. Кәсіпкерлер, негізінен дүкен иелері бұл мәселенің екі жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын алға тартып, 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуді талап етті. Кәсіпкерлер Ақмола облысын мысалға келтірді, мұнда да осындай құлдырау орын алған деседі. Кәсіпкерлер ауданда қомақты салық түсімін қамтамасыз ететін екі ірі темекі кәсіпорны болғанымен, әсіресе бөлшек сауданың рентабельділігінің төмендігін ескерсек, шағын бизнес мемлекеттік қолдауға мұқтаж екенін жеткізді. Жиынға қатысушылардың бірі 400 мың теңге көлемінде салық төлегенімен, таза табысы небәрі 300 мыңды құрайтынын, бұл оның ең аз қызметкерлерді жұмысқа алуға мүмкіндік бермейтінін айтты.

Облыстық салық департаментінің өкілі шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлшек сауда салығын 2%-ға дейін төмендету облыстық бюджет кірісінің төмендеуіне әкеліп соғатынына алаңдаушылық білдірді.

Жиынға модератор болған «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбайұлы бөлшек сауда салығын төмендетуге қатысты өз пікірін білдірді. Ол мәселенің маңыздылығын қуаттап, мәслихатқа шығарылатын шешім жобасы бойынша кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп жұмыс істейтінін хабарлады. Майлыбайұлы салық департаментінің бюджетке түсетін түсімдердің азаюы туралы алаңдаушылығын мойындай отырып, депутаттардың қолдауына сенім білдіріп, бұл жобаны қорғауға дайын екенін жеткізді. Дегенмен, ол мұндай төмендеу жалпы кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосатынын айтты.

Іле өңіріндегі кәсіпкерлер айтқан тағы бір мәселе - электр қуатының жиі сөніп қалуы, соның салдарынан жұмыс істемеуі, құрал-жабдықтардың істен шығуы, азық-түліктің бүлінуі және қаржылық шығын болды.

Жиын барысында, сондай-ақ, қарқынды даму жағдайында өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарын сақтау, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, коммерциялық нысандар салу үшін жер телімдерін бөлу, трансформаторларды ауыстыру және т.б. сұрақтар көтерілді.

Қорытындылай келе, кәсіпкерлік мәселелердің барлығы Алматы облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының бақылауында болмақ. Барлық сұрақтар өңірлік деңгейде қаралатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер