«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

"Атамекен" палатасы мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылығы Қарғалы ауданының кәсіпкерлерімен кездесті

2024 жылғы 12 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
4047 просмотров

Жергілікті кәсіпкерлер үшін бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған кеңес Қос Естек ауылында өтті. Шараны Қарғалы ауданының кәсіпкерлер палатасының филиалы аудандық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды. Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өмірбаев, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов және облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Қуат Әбдіханов қатысты.

Өңірдегі кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға бағытталған ағымдағы қолдау бағдарламалары туралы Агрокредиттік корпорация және "Даму" қоры филиалдарының өкілдері айтып берді. Сондай-ақ, аудандық прокурор және мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы сөз сөйледі.

Атап айтқанда, бизнесті дамытуға гранттар беру тетіктері, жеңілдетілген несиелер бойынша шарттар, субсидиялау бағдарламалары қозғалды, сондай-ақ салық заңнамасына өзгерістер енгізу туралы түсініктемелер берілді.

Мемлекеттік көмек алуға өтінімдерді беру және ресімдеу мәселелеріне, конкурстар мен гранттық бағдарламаларға қатысу шарттарына ерекше назар аударылды. Қаржы институттарының өкілдері құжаттарды қалай дұрыс дайындау керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді, сондай-ақ ұсынылған ресурстарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар берді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер түрлі мемлекеттік және қаржылық құрылымдармен өзара іс-қимыл ерекшеліктеріне қатысты өз сұрақтарына жауап алды, бұл қолдау бағдарламаларына қатысудың көптеген нюанстарын нақтылауға көмектесті.

"Алынған түсініктемелер Қарғалы ауданының кәсіпкерлеріне өз бизнесін дамыту және нығайту үшін барлық қолжетімді шараларды пайдалануға көмектесетініне сенімдімін. "Іскерлік ахуал" тәуелсіз рейтингі" ШОБ өкілдері арасында әлеуметтік зерттеу жүргізу нәтижелері бойынша Ақтөбе облысы бизнесті жүргізу үшін ең жақсы жағдай жасау бойынша 4-ші орында тұрғанын атап өткім келеді. Бұл ретте облыс аудандары бөлінісінде бірінші орында Қарғалы ауданы тұр. Бұл қарқындарды бәсеңдетпеңіз", - деді ӨКП басшысы Дидар Боранқұлов, және кәсіпкерлерді бөлшек сауда салығына белсенді ауысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың көктемінде "Атамекеннің" көмегімен барлық деңгейдегі мәслихаттардың қолдауы арқасында, бөлшек сауда салығын, атап айтқанда Қарғалы ауданы бойынша 4% - дан 2% - ға дейін төмендетуге қол жеткізілді.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Палатаның жергілікті филиалына әкімдікпен бірлесіп кәсіпкерлерге салық режимдерін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.

Өз кезегінде облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі ӨКП-мен ЭТД кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, азаматтардың қаржы мониторингі жөніндегі органдарға деген сенім деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау бағытында ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын атап өтті. Бірлескен қызмет кәсіпкерлердің нақты мәселелерін жылдам шешуге бағытталған.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қарғалы ауданының тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. "Медовик" ш/қ басшысы өнімге сертификат алуға жәрдем сұрады. Кәсіпкерге "Атамекен" аудандық филиалы консультациялық көмек көрсетеді.

Ауданға сапар бизнес нысандарына барумен аяқталды. Атап айтқанда, "Ақтеп" ЖШС көкөніс қоймасы, "Ардағым" балық шаруашылығы және "Ақ бидай"ШҚ астық қоймасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер