«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маркетингтік зерттеулер – кәсіпкерлердің арқасүйері!

2016 жылғы 16 Қараша
- Алматы қаласы
8536 просмотров

Шетелдік сарапшылар кәсіпкерлерге бизнестерін кеңейтуге көмек көрсетуде

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Аға сеньорлар» жобасы өз жалғасын тапты. Бұл жолы қазақстандық бизнесмендермен жұмыс жасау мақсатында, мегаполиске Канададан менеджмент және маркетинг саласының сарапшысы Надиф Копф келді. Шетелдік мейманды қазақстандық студенттерді шетелге оқуға жіберумен айналысатын Алматыдағы екі тіл орталығы шақырған екен. Бүгінде қос компания да нарықта табысты жұмыс жасап келеді. Сондықтан болар, компания өкілдері жобадан, бизнесті жоғары деңгейге жетелейтін жаңа маркетингтік идеялар күтетінін жасырмады. Надиф Копф сапарының алғашқы аптасын «V&A» тіл орталығында өткізді.

«Компания жетекшілерінің кеңестеріме құлақ асып, өздерінің маркетингтік бағдарламаларын өзгерте бастағаны қатты қуантты. Айтайын дегенім, қос компанияның клиенттерге ұсынатын қызмет сапасы шынымен де жоғары деңгейде. Тек, бағдарламаның кейбір тұстарын ретке келтірумен болдым. Мысалы, ақпаратты клиенттердің әрқайсысына әртүрлі деңгейде ұсыну керек. Мәселен, студенттерге басқаша, олардың ата-аналарына басқаша жеткізу қажет. Маркетингтік зерттеулер – кәсіпкердің үнемі арқа сүйейтін тірегі болуы тиіс. Маған Қазақстанда жұмыс жасау қатты ұнады және осында тағы да келсем деген ойым бар», – деді Надиф Копф.

Сарапшы тіл орталығы қызметкерлерімен бірге, бір жылға арналған маркетингтік стратегияны әзірлегендерін айтты. Енді компания жұмысының одан әрі өрбуіне байланысты, клиенттермен жұмыс жасау қағидаттарына өзгерістер енгізіп тұру керек. Надиф Копф әрбір клиентті тұрақты клиентке айналдыру үшін, қолдан келгеннің бәрін жасау қажеттігіне тоқталды. Ол бұл мақсатта үнемі кері байланыс орнатып отыру керек деді. Бүгін, сарапшы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасымен «International British House» тіл орталығы қызметкерлерін оқыту туралы жаңа келісімшартқа қол қойды.

«Біздің орталыққа жеті жыл толды.  Нарықта өз орны бар компаниямыз десек те артық айтқаным емес. Бізде орталықты дамытуға қатысты жоспарлар көп, сол үшін біз білікті сарапшыны шақыруды жөн  көрдік. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен, біз «Аға сеньорлар» жобасына қатысып отырмыз. Біз жоба арқылы орталықтың маркетингтік стратегиясына қойылған объективті бағаны біліп, Канадамен студенттер алмасу саласында ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз», – деді «International British House» орталығының директоры Полина Яковлева. 

Өз бизнесін дамытқысы келген алматылық кәсіпкерлер Надиф Копфтың кеңестерін Маркетологтар клубында өтетін кездесуде тыңдай алады. Канадалық қонақ клуб отырысына қатысуға қуана-қуана келісім берген. Осылайша Кәсіпкерлер палатасы кезекті тегін тренингті 24 қарашада сағат 16.00-де өткізбек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер