«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы кедендегі атышулы істі қолға алды

2016 жылғы 14 Қазан
- Алматы қаласы
5647 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бизнестің өзекті проблемалары қаралды

14 қазанда Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Оған бизнес, мемлекеттік органдар өкілдері мен заң шығару және құқық қорғау саласындағы сарапшылар қатысты. Онда Палатаға ұжымдық шағым айтып келген бір топ кәсіпкердің жайы қаралды. Жеке кәсіпкерлер өз мүлкін қайтарып беруін сұрап отыр. Жүк көліктері мен қалқаланған тіркемелердің қожайындары көліктерін халықаралық тасымалдаушыларға жалға берген. Олардың қатарында қылмыскер Берік Шотпаев те болған. Сот шешіміне сүйенсек, Берік Шотпаев экономикалық контрабанда бойынша кінәлі деп танылған. Шотпаевтың өзі жеке мүлкін тәркілеу түріндегі айыппұлмен құтылып кеткенімен, іс бойынша куәгер болған жүргізушілер зардап шегіп отыр. Жамбыл облысы Қордай аудандық соты көлік құралдарын қылмыстық деп танып, жалға алынған бұл көліктерді тәркілеген. Кәсіпкерлер Шотпаевпен ешқандай келісімшарт жасамағандарын, ал көліктерді үшінші тұлғаларға жалға бергенін айтып, шырылдап отыр. Олардың айтуынша, Шотпаев дәл осы үшінші тұлғалармен қарым-қатынас орнатқан. Жүк көліктерінің қожайындары өздерін қылмыс құрбандары деп санап, істің қайта қаралуын сұрап отыр. Көлік құралдарының жалпы сомасы жарты миллион долларға жуық. Алысқа қатынайтын жүргізушілер бизнесінің тоқтап тұрғанына бір жылдың жүзі болды, ал оны шешпесе, іс тіптен құлдилай түспек.

Сөз кәсіпкерлердің өзіне берілді. «2015 жылғы маусым айында біз жеке кәсіпкер Мирославамен оның кеңсесінде кездестік. Ол бізге: «Жігіттер, мен мынадай іс ұйымдастырып жатырмын, қатысасыңдар ма?» деген ұсыныс айтты. Тапсырыс беруші Алмаз Нұрмақов келді. Ол нотариус шақырып, онымен жүкті тасу туралы келісімшартқа отырды. Тап осы арада ол бізбен де келісімшар жасады. Нәтижесі қандай? Біз жүргізуші жігіттер келген соң, жүкті тиедік. Құжаттардың бәрін берді, мөрлер қойылды, тауар атаулары, контрабанда жоқ екенін дәлелдейтін рентген суреттері, пакеттердің барлығы мөрленді, кедендік қолдау берілді. Ал онда барған соң 3,5 ай ұстады. Олар онда үш рет тексеріс жасады, барлығы тиісінше болды: тауар да, орындар саны да, атауы және т.б. да. Күтпеген жерден экономикалық тергеу қызметі келіп, барлық құжаттарды алып алды да, Георгиевкадағы қоймаға апарып жүктерді түсірткізді. 5-6 ай өткен соң, бізге «көліктеріңіз тәркіленеді» деген хабарлама келді. Тергеуге де, сотқа да бір рет те шақырмады»,  деп түсіндірді көлік қожайыны Петр Антонов.

«Біз сыбайласқан іске қатысымыз жоқ. Құжаттар ауыстырылғанын байқаған да жоқпыз. Бұл жүктің қайда кеткені мүлдем белгісіз, онда контрабанда болғаны туралы ақпарат қайдан алынды? Шотпаевты қамауға алмас үшін, оған мүлікті тәркілеу туралы жеңіл жаза түрі пайдаланылды. Ал жүргізушінің жүктің жоғалып кетуіне қатысы қанша?»,– деп наразы болды Леонид Кравцов.

Кәсіпкерлер қорғаушысының айтуынша, Бас прокуратура сот отырысын өткізу процедурасына наразылық танытуы тиіс. Себебі, куәгерлерсіз процессуалды келісім жасауға болмайды. «Біз сот процесі кезінде Шотпаевтың бұл мүлікті қылмыстық мақсаттарда заңсыз пайдаланғанын дәлелдей алмай қойдық», – деді құқық қорғаушы.

Алматы Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің құқығын қорғап, соттың әділ шешіміне қол жеткізуді мақсат тұтып отыр. Сот отырыстарының нәтижелері бойынша Жамбыл облысы прокуратурасына Жоғарғы сотқа Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының осы жылғы 6 мамырдағы ұйғарымына наразылық таныту туралы өтініш жолданбақ. Болмаса осы жайттарды негізге ала отырып, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түйткілді тарқатуға тікелей атсалыспақ.

Кеңесте кәсіпкерлердің басқа да шағымдары қаралды. Мысалы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы 15 жылдық келісімшартты алға тартып, «Қарғалы» пансионаты аумағының жартысын сот арқылы тартып алуға тырысып жүр. Ал «Juldyz Kenan Co., Ltd»  ЖШС 8 ай бойы қылмыстық істің жабылуын күтіп жүр және осы күнге дейін прокурорлық ықпал ету актсінің болғанына қарамастан, сот-экономикалық сараптаманы белгілеу туралы мәселені шеше алмай келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер