Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы (ҚСП) 2014 жылдың 29 шілдесінде құрылған және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 100% еншілес компаниясы болып саналады.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының алдына қойылған негізгі міндет – сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнес мүддесі тұрғысынан әрекет ету.
Қойылған міндеттерді орындау үшін Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы келесідей қызмет түрлерін атқарады:
- шетелдік ұйымдармен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттар ережелеріне сәйкес іскерлік кеңестер мен өзге де кеңес беру-кеңесшілік органдар құруды іске асырады;
- көрмелер, форумдар және жәрмеңкелерді ұйымдастыру және өткізу, оның ішінде шетелдерде;
- Қазақстан Республикасында өткізілетін халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер, ұлттық және өңірлік көрмелер мен жәрмеңкелердің, сонымен бірге Қазақстан Республикасы қатысатын шетелдердегі халықаралық көрмелердің реестрін жүргізу;
- Қазақстандық тауарлар мен қызметтерді әлемдік нарықта ілгерілету үшін халықаралық маркетинг пен жарнамалық қолдауды жүзеге асырады;
- Сыртқы эконмикалық қызмет мәселелері бойынша ақпараттық, бағалау, брокерлік, маркетингтік, жарнамалық, аударма және консалтингтік қызметтер көрсетеді;
- Экспорт-импортты реттеу, өткізілетін жәрмеңкелер, көрмелер, халықаралық тауарайналымы мен төлемдер, сондай-ақ халықаралық сауда мен ішкі шаруашылық қызметпен байланысты өзге де мәселелер бойынша барлық мемлекеттердің заңнамасы жөнінде ақпарат жинау, талдау және ұсынуды жүзеге асырады;
- Қазақстан Республикасының сыртқы сауда келісімдері мен халықаралық шарттар талаптарына сәйкес еңсерілмейтін жағдаяттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында мойындалған сауда және порт ғұрыптарын куәландырады;
- Қазақстан Республикасы аумағында жасалған келісімдер мен шарттар талаптарына сәйкес еңсерілмейтін күш жағдаяттарын, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сәйкес «Hardship» жағдаяттарын куәландырады;
- Қазақстан Республикасы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
Қазақстанның сыртқы сауда палатасы отандық экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсетеді:
- Өңделген өнім/қызмет кәсіпорны-өндірушілердің экспорттық қабілетін дамыту;
- Қазақстанның өңделген өнімінің экспортын ілгерілету;
- Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанның және шет елдегі іскерлік әрі қоғамдық-саяси ортада «эспортқа бағдарлану» идеологиясын қалыптастыру, 4. жаппай санаға Қазқастанды шикізат емес өнімді экспорттайтын елге айналу идеясын сіңіру.
- Ресей нарығында (Ресейдің шекараға жақын өңірлерінде) Қазақстан өнімінің танымалдылығын арттыру;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық экспорттық стратегиясын жүзеге асыру.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы өз қызметін ҚР Конституциясына, оған сәйкес ҚР заңнамасына, ҚР өзге де нормативті-құқықтық актілеріне, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға, Республиканың Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативті қаулыларына, «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» ЖШС Жарғысына сүйене отырып жүзеге асырады.
ҚСП миссиясы: Сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнеске көмек көрсету арқылы Қазақстан Республикасы экономикасына үлес қосу
ҚСП міндеттері:
- экспорт
- технологиялар трансферті
- инвестициялау
- сауданы дамыту
ҚСП қызметінің негізгі бағыттары:
- сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту
- ақпараттық қамсыздандыру
- құқықтық қолдау
- іскерлік білім беру
ҚСП қызметтері:
- Экспортқа, қазақстандық бизнестің интернационалдануына тікелей әсер ету
- Маркетинг және көрме-жәрмеңке қызметі
- Инвестициялар тарту және шетел компанияларына көмек көрсету
- Екіжақты Іскерлік кеңестерді басқару және үйлестіру
- Консалтинг және ақпараттық-кеңес беру қызметтері
- Бизнес қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвесторлар құқығын қорғау
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының құрылымы
Халықаралық және өңірлік ынтымақтастық бөлімі: шетелдермен берік халықаралық байланыс орнатуға септігін тигізеді, сыртқы экономикалық қызмет саласында қолдау көрсетеді, инвестициялар тарту мен серіктестер іздеуге қол ұшын созады.
Көрме бөлімі: бизнес-форумдарды, В2В миссияларды, көрмелер мен т.б., оның ішінде ресми тұлғалардың қатысуымен өтетін шараларды үйымдастыру және өткізумен айналысады.
Заң бөлімі: ҚСП қызметінің барлық бағыттары бойынша құқықтық қолдау көрсетеді, еңсерілмейтін жағдаяттар (форс-мажор) туралы куәлік беру мәселелері бойынша кәсіпкерлер/ұйымдарға кеңес берулер ұйымдастырады, кәсіпкерлер ұсынған форс-мажор жағдаяттарын куәландыратын құжаттарды қарау, тиісті куәліктерді даярлау мен беруді жүзеге асырады.
2014 жылдың шілде айынан бастап ҚСП төменде берілген Іскерлік кеңестерді ұйымдастыруға қатысты:
- Қазақстан-голландиялық Іскерлік кеңестің 1-ші отырысы
- Қазақстан-неміс Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы
- Қазақстан-швейцариялық Іскерлік кеңестің 3-ші отырысы
- Қазақстан-француз Іскерлік кеңесі
ҚСП Самұрық-Қазына ҰӘҚ АҚ-на 2014 жылдың 14 желтоқсанында өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесіне қатысушыларды шақыру және тіркеу жұмыстарын атқаруда көмек көрсетті.
Келісімдер мен Меморандумдар
- Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімі
- Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Сан Марино Республикасының Сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім
- Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Бүкілпольшалық Шаруашылық палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум
- Қазақстанның Сыртқы Сауда палатасы мен Чех Республикасының Өнеркәсіп иелері одағы арасындағы келісім
Бұл келісімдер сауда-экономикалық байланыстар аясын кеңейтіп, Қазақстан Республикасы мен шетел арасында бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қол қойылған Келісімдер мен Меморандумдардың маңызды механизмдерінің бірі - Қазақстан мен шетелдердегі бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл тығыз коммерциялық байланыстардың дамуын нығайтып, екіжақты инвестициялар мен технологиялар трансфертінің көлемін арттыруға негіз болмақ.
Палата Қазақстан-Польша бизнес-форумын өткізуде, Қазақстан-Түркия арасындағы В2В форматындағы кездесулер өткізуде, Тайланд Корольдігі делегациясымен іскерлік келіссөздерді ұйымдастыруда көмек көрсетті.