«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШҚО-да балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлер ветеринариялық анықтама алу кезінде құқықтық қайшылыққа тап болды

2025 жылғы 12 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
324 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасына Ұлан ауданында балық өсірумен айналысатын бизнес өкілдерінен өтініш түсті. Компания өкілдері балықты тасымалдауға қажетті ветеринариялық анықтама алу үшін «Ұлан-Вет» КМК ветеринариялық қызметіне жүгінген. Алайда оларға қызмет көрсетуден бас тартылған.

Олардың айтуынша, бас тарту себебі - балықтың аулану тегін растайтын анықтаманың көшірмесін ұсыну талабы болған.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, бұл талап «Ветеринариялық анықтама беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге арналған құжаттар тізбесіне енгізілген және ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары мен олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға қосымша 11-де бекітілген.

«Алайда ағымдағы жылдың 12 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының «Аквакультура туралы» Заңы күшіне енді, оған сәйкес балықтың аулану тегін растайтын анықтама алу талабы алынып тасталды. Бірақ тиісті өзгерістер Қағидаға әлі енгізілмеген, бұл өз кезегінде құқықтық коллизияға әкеліп соқты», - деді Қайрат Мамырбаев.

Бизнес өкілдері қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердегі сәйкессіздік мәселесіне тап болған. Бұл жағдай қажетті ветеринариялық құжаттарды алуды қиындатып, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілер туғызған.

«Сонымен қатар облыстың басқа аудандарында және республика бойынша мұндай анықтама талап етілмей-ақ ветеринариялық анықтамалар беріліп жатыр», - деп нақтылады Қайрат Мамырбаев.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сәйкес, облыстық ветеринария басқармасына түсіндірме хат жолданған. Онда Қағидаға өзгерістер енгізілгенге дейін ветеринариялық анықтамаларды балықтың аулану тегін растайтын анықтамасыз беруге болатыны көрсетілген. Соған қарамастан, Ұлан ауданында кәсіпкерге қызмет көрсетуден бас тартылған.

Бизнес қауымдастығы мұндай жағдайлар әкімшілік кедергілер тудырып, кәсіпкерлердің уақыты мен ресурсын орынсыз жұмсауға әкелетінін атап өтті.

Мемлекеттік органдар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ШҚО прокуратурасы және өзге де уәкілетті құрылымдардың қатысуымен өткен кездесуде мәселені жедел шешуге және заңнаманы бірыңғай қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған шешім қабылданды.

Айта кетейік, материал жарияланған сәтте мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Жағдайды реттеу үшін барлық тиісті құрылымдар жұмылдырылды. Мәселенің түпкілікті шешілуінде Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы негізгі рөл атқарды. Олардың араласуынан кейін тәжірибе заңнамаға сәйкестендіріліп, облыста ветеринариялық анықтамаларды беру кезінде балықтың шығу тегін растайтын анықтаманың көшірмесін талап ету тоқтатылды.

Кәсіпкерлер палатасы мұндай мысалдар бизнестің мемлекеттік органдармен тиімді кері байланысын және нормативтік-құқықтық актілерді уақтылы үйлестіру қажеттілігін айқын көрсететінін атап өтті.

Палата аталған Қағидаға ресми өзгерістер енгізілгенге дейін жағдайды бақылауда ұстап, заңнаманың бірыңғай қолданылуын қадағалауды жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174