«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық 300 мұғалім Кәсіпкерлік негіздері пәнін оқытады

2019 жылғы 20 Тамыз
2295 просмотров

Енді кәсіпкерлік негіздерін мектеп оқушылары ғана емес колледж студенттері де оқитын болады. Түркістанда мектептер мен колледждер  оқытушыларын «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқыту бойынша біліктілік арттыру курстары басталып кетті

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында іске асып жатқан бұл жобада, түркістандық 300 мектеп мұғалімі мен колледждердің 60  оқытушысы біліктілігін арттыруда. Осылайша, жаңа оқу жылынан бастап, он мыңға жуық өскелең ұрпақ кәсіпкерлік негіздерін колледж және мектеп қабырғасынан меңгеретін болады.

 «Он күндік курста бизнес тренерлер оқытушыларға жалпы кәсіпкерлік жайлы сауатты түсінік қалыптастырып, өңір ерекшелігіне байланысты  кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, салық төлеу режимдерін,  маркетинг негіздерімен таныстырып, сондай-ақ заманауи жобаларды жүзеге асыру жолдары мен мемлекеттік бағдарламалар жайлы толық мағлұмат береді», – деп атап өтті Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алтынбек Боранбаев.

Еске салсақ, «Атамекен» ҰКП «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін әзірлеу жұмысының жобасын 2014 жылы бастаған болатын. Түркістанда бұл жоба алғаш рет Ататүрік атындағы №17 мектепке енгізілді. Оқушылардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттырған бұл пәнді енді облысымыздың мектептерінде ғана емес, Республика бойынша 100 мың колледж студенттеріне де оқытылмақ.

Айта кетейік, алдағы уақытта пәнді енгізумен өңір экономикасындағы бизнестің үлесі және жалпы бизнестің даму көрінісі айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.

Оқыту екі ағымда 19-29 тамыз аралығында және 2 қыркүйектен 13 қыркүйекке дейін өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер