«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаудағы тың кәсіп – жер құртын өсіру

27 Наурыз 2019 - Маңғыстау облысы
618 просмотров

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы кәсіпкер Дәметкен Айтжанова облыс шаруаларын калифорниялық құрттан жасалған қара топырақпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр

Ол екі жыл бұрын аймаққа тансық бизнесті таңдады. Дәметкен – калифорниялық жер құртын өсірумен айналыса бастаған облыстағы алғашқы әйел кәсіпкер.

«Мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегімен «Бастау» оқу курсынан өттім. Содан кейін жерді өңдеу туралы идея келді. Менің атам өмір бойы бау-бақшамен айналысты. Жерге деген ықыласты сол кісіден көріп өстім. Алайда, Маңғыстаудағы топырақ өте құнарсыз. Жақсы биошіріндіні қажет етеді. Мен әдебиеттерді ақтарып, химиялық қоспасыз құнарлы топырақты «өндірумен» айналысамын деп шештім», – дейді кәсіпкер.  

Кез келген учаскені, тіпті Маңғыстаудың шағыл құмды жерін қара топыраққа айналдыруға болады. Тек калифорниялық құрттарды пайдаланса жеткілікті. Органикалық қалдықтарды өңдеу кезінде олар ерекше ферменттерді бөліп, қарашірікті түзеді. Бұл – бірегей тыңайтқыш. Ол өзінің құрамы бойынша құнарлылығы жағынан шамадан тыс асып түседі. Сонымен қатар, биошіріндінің иісі жоқ, сондықтан оны тек аулада, бақшада ғана емес, бөлме өсімдіктерін қоректендіру үшін үйде де пайдалануға болады.  

Дәметкен осымен екінші жыл қатарынан құнарлы топырақты алып отыр. Өнеркәсіптің ауқымын өрістетуге қаражаттың аздығы қолбайлау болып отыр.  Жақында кәсіпкерге Батыр ауылынан 25 сотық жер телімі берілді. Мұнда қоршаулар орнату, коммуникациялар жүргізіп, шаруашылық құрылыстарды бұзу қажет. Осының барлығына 7-8 миллион теңге керек.

«Жалғыз пәтерімді кепілдікке қоя алмаймын. Әзірге «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша жылдық 1% мөлшерлемемен несие алу ұсынысынан бас тарттым. Жазда 400 мың теңге грант ұтып алған едім. Бұл қаражат қажетті жабдықтардың бір бөлігін сатып алуға кетті. Мен оларды Қызылтөбедегі учаскемде қолданамын. Сонда тұрып, уақыт өте келе жылыжайда құрт өсірумен айналысамын. Ал, Батырдағы жерімді 200 шаршы метрге дейін кеңейту керек», – дейді Дәмекен Айтжанова.

Жергілікті климат қиындау, үнемі жел соғып, құрттарды ашық топырақта өсіруге мүмкіндік бермейді. Ол үшін арнайы бөлме қажет. Дәметкен учаскеден жертөле салуды жоспарлап отыр. Жер асты үйі құрттарға жазда салқын, қыста жылы болады. Қалыпты дамыту үшін +2+25 градусқа дейін температураны ұстап тұру керек. Егер термометр шкаласындағы белгі төмендесе немесе керісінше 30 градусқа дейін жоғарыласа, олар нашар тамақтанып, көбейе алмайды, тіпті мүлдем өліп кетуі мүмкін.

Кәсіпкер әйел арнайы жәшіктер орнатып, оларға климат-бақылау жасаған. Мұндай құрттарды азықтандыру жүйемен жасалуы керек. Олар көңді жейді. Кәсіпкер көңнің түрлерін сынап көргенін, ең жақсысы жылқынікі болғанын айтады. Сондай-ақ, тағамның шіріген қалдықтары, жемістер мен көкөністерді де жақсы жейді екен. Айтпақшы, құрттарды тек алдыңғы азықты жеп болғаннан кейін ғана тамақтандыру керек. Құртқа салынған бір тонна тағамнан 600 келі қара топырақ алынады. Дәметкен әзірге бір апта ішінде мың құртқа 10 келі азық жұмсап, 6 келі қарашірік алып отыр.

«Топырақ өте ұзақ уақыт бойы қалың целлофан пакеттерінде сақталады. Отырғызу кезінде оны 1-ге 10 қатынасында жай топыраққа араластыруға болады. Өйткені қарашірік өте құнарлы. Сондай-ақ, суару үшін құрттарды суаратын суды пайдалануға болады. Мен оны бөлме өсімдіктеріне құямын, олар қаулап өседі», – дейді Дәметкен Айтжанова.

Тыңайтқышты тұтынушылар арасында жылыжай кәсібімен айналысатын шаруалар бар. Қазір көптеген бағбандар да қызығушылық танытуда. Олар үлкен көлемде 10 тоннаға дейін тапсырыс бергісі келеді. Дәметкеннің мұндай көлемде өндіруге мүмкіндігі жоқ.

«Мал бағатындар да егін шаруашылығымен айналысады.  Бірақ олар тыңайтқыш ретінде әдеттегі қиды пайдаланады. Ал оның құрамында калифорниялық құрттар жасаған қарашірік сияқты ферменттер жоқ», – дейді кәсіпкер әйел.

Дәметкен құрттың алғашқы легін Алматыдан алып келді. Содан кейін Ресейге тапсырыс берген. Кәсіпкер алдағы бірнеше жылда шаруалар өсімдік егуге құнарлы топырақ алады. Біздің жемістер мен көкөністер де қара топырақта өскен, басқа елдерден әкелінген өнімдерден кем болмайды. Нитратты тыңайтқыштармен салыстырғанда бұл әлдеқайда сапалы болады деп сендіреді. 

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер