«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңаөзендік кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

2019 жылғы 06 Маусым
- Маңғыстау облысы
2031 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына қарасты Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшелері Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерімен кездесті.

Онда жеке кәсіпкерлердің ұжымдық арыздары бойынша Жаңаөзен қаласы әкімдігінің тарапынан кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесіне жеке меншік құқығын беруден және жер учаскелерінің пайдалану мерзімдерін ұзартудан заңсыз бас тартуы жөндегі талаптары қаралды.

Жиынды МО кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Шымбай Сұлтанов ашып берді.

Мәліметтерге жүгінсек, кәсіпкерлер 2016 жылы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жер учаскелерін табыстағанын және оның басым көпшілігінің толық игерілгенін, алайда, жер учаскесінің пайдалану мерзімін ұзарту, жеке мешік құқығын беру туралы арыздарына Жаңаөзен қаласының әкімдігі прокуратураның ұсынысын негізге алып, заңсыз бас тартып, әуре-сарсаңға салу әрекеттерінің болғанын мәлімдеді.

Мәселен, осы шаһардың кәсіпкері Б. Серикбаев Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасынан өз құқығын қорғауды сұраған еді. Рахат ауылы әкімінің жер телімін пайдалану мерзімін ұзарту туралы шешімі қабылданғанына қарамастан іскердің құқығы шектеліп, келісім-шартқа қол қойылмай отырғандықтан жер қатынастары бөлімінің лауазым иесіне шара қолдану туралы арызы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында қаралды.

«Шын мәнінде, Рахат ауылы әкімінің 01.03.2019 жылғы шешімімен Рахат ауылы, «Ақсу» шағын ауданы, Ө.Тәжіғалиев көшесінен дүкен және дөңгелек жөндеу шеберханасының құрылысын салу және пайдалану үшін беріліп, жалпы көлемі 0,0324 га., жер учаскесінің мерзімінің аяқталуына байланысты, оның пайдалану мерзімі 2 жылға ұзартылған. Дегенмен, Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімінің лауазым иелері ҚР Жер кодексінің 43-бабы 7- тармағының талаптарын өрескел бұза отырып, қаулы қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде келісім-шарт жасақтамай, прокуратура органымен жерді пайдалану мен қорғалуын қадағалау басқармасына ұсыныс берілді деген жалған сылтаумен, шарт жасақтамай келген», – дейді кәсіпкер.

Арызда көрсетілген уәждер бойынша тиісті шара қабылдап, бұзылған заңды қалпына келтіру туралы қала әкіміне және прокуратураға кәсіпкерлер палатасымен хат жолданып, келіссөздер жүргізілді.

Оның үстіне, сатып алу-сату немесе уақытша өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу мерзімдерін бұзғаны үшін, Жер қатынастары бөлімінің басшысына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 137- бабының 1-тармағының 15-тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық өндірісін қозғау туралы Маңғыстау облысының жердің пайдалануы мен қорғалуын қадағалау басқармасына ұсыныс жолданды.

Мемлекеттік органдар тарапынан тиісті шара қабылданбағандықтан кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылып, жер қатынастар бөлімінің басшысы қателіктерін толық мойындады.

Осы орайда, Кеңес жұмысына қатысып, түсінік берген қала прокурорының орынбасары да жер қатынастары бөлімі басшысының жауабын жоққа шығарып, заң талабына сай шешім қабылдауды талап етті.

Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Уйсеновтің айтуынша, 2016 жылы 42 кәсіпкерге заңсыз жер учаскелері табысталған. Бұл мәселе бойынша 2018 жылы Жаңаөзен қалалық прокуратурасының ұсынысы келген. Соның негізінде кәсіпкерлердің арыздары уақытша тоқтатылған. Жиында өзінің заңсыз әрекетін түсініп, Б.Серикбаевтың жер пайдалану шартын жасақтап бергенін және кеңестің хаттамасы негізінде, жеке кәсіпкер Ж.Торшаеваның жер учаскесіне жеке меншік құқығын беруге және кәсіпкерлердің жер учаскелерінің пайдалану мерзімдерін заң шеңберінде ұзартуға жұмыстанатынын мәлімдеді.

 Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің хатшысы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ә.Жанаев:

«Кәсіпкерлер палатасының мақсаты – кәсіпкерлердің дамуына үлесін қосып, әкімшілік кедергілер туындаған жағдайда көмек көрсету екенін түсіндіре отырып, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес кәсіпкерлердің жер учаскелерінің пайдалану мерзімдерін ұзартып беру қажет екенін, ал егерде негізсіз бас тарту қайталанған жағдайда жауапты лауазымды тұлғаның заңбұзушылық әрекетіне құқықтық баға беру үшін тиісті құзырлы органдарға ұсыныс жасалатынын ескертеміз», – деді.

Кеңес соңында Жаңаөзен қаласы әкімдігінің тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар алдағы уақытта орын алмауы үшін облыс әкіміне шара алу үшін ақпараттық хат жолданатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер